22–28 қазан аралығында Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 74 689 дерегі тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл былтырғы эпидемиялық маусымның дәл осы кезеңімен салыстырғанда 44%-ға аз.
Алдыңғы аптаға қарағанда науқастар саны 1,5 есе қысқарған. Эпидемиялық маусым басталғалы бері елде ЖРВИ-дің 1 075 450 дерегі тіркелді – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 4,7%-ға төмен көрсеткіш.
Зертханалық мониторинг көрсеткендей, қазір таралып жатқан тұмауға жатпайтын вирустардың ішінде риновирус, аденовирус және бокавирус басым. Сондай-ақ маусым басталғалы A(H1N1)pdm09 тұмауының 12 дерегі зертхана жүзінде расталды.
Елімізде тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Ол үшін «Гриппол®» вакцинасының 2,2 млн дозасы сатып алынды, бұл халықтың шамамен 11%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Министрліктің дерегінше, вакцина республиканың барлық өңірінде бар.
30 қазандағы жағдай бойынша 1 670 447 адам екпе алды. Бұл – вакцина алуға тиіс азаматтардың 75,3%-ы.
ЖРВИ маусымында Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық орындарға барғаннан кейін қолды жиі жууға, бөлмені уақытылы желдетіп тұруға және респираторлық этикетті сақтауға кеңес береді.
Ауру белгілері байқалса, айналадағы адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеген жөн. Ал дене қызуы көтеріліп, жағдайыңыз нашарласа немесе инфекция белгілері қатты білінсе, дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.

