2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында Амур есімді аталық жолбарыс табиғи ортасына жіберілді. Ол – реинтродукция бағдарламасы аясында Қазақстанның жабайы табиғатына қайтарылған екінші амур жолбарысы.
Бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Осылайша, еліміздің табиғатында 70 жылдан астам уақыт болмаған жолбарыстар өздерінің тарихи мекеніне қайта оралды.
Еркіндікке жіберер алдында Амур кешенді ветеринарлық тексеруден және мінез-құлық сынағынан өтті – бұл оның өз бетінше өмір сүруге дайындығын анықтайтын өзіндік емтихан болды. Мамандар жыртқыштың денсаулығын, аң аулау машығын, қорек табу қабілетін және адамды көргендегі реакциясын тексерді. Нәтижесінде жолбарыстың жабайы табиғатта тіршілік етуге толық дайын екені расталды.
Мамандар Амурдың қозғалысы мен жаңа ортаға қалай бейімделіп жатқанын әрі қарай да бақылауда ұстайды. Ол үшін жыртқышқа спутниктік қарғыбау тағылды.
Жолбарысты табиғатқа жіберу шарасына Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев, «Іле-Балқаш» резерватының өкілдері, сала мамандары мен қақтығыстың алдын алу тобының мүшелері қатысты.
Жабайы табиғатқа алғаш болып 2026 жылғы 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жіберілген еді. Қазір ол аумақты игеріп, өз бетінше аң аулап жүр және табиғи ортаға сәтті бейімделіп келеді.
«Іле-Балқаш» резерватында жолбарыстарды қайтаруға дайындық 2018 жылы басталған. Мұнда жыртқыштың табиғи мекені мен қоректік базасын қалпына келтіріп, табиғатты қорғау инфрақұрылымын дамытып жатыр. Әсіресе, жабайы тұяқты жануарлардың, соның ішінде бұхар бұғысы мен құланның санын көбейтуге баса мән берілген. 2026 жылғы қыркүйекте резерватқа «Алтын Емел» ұлттық паркінен 30 құлан әкелінді. Бұл жұмыстар Қазақстанда жолбарыстың тұрақты популяциясын қалыптастыруға жағдай жасайды.
Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне арнайы құрылған қақтығыстың алдын алу тобы жауап береді. Оның мамандары жануарлардың қозғалысын бақылап, халықпен байланыс орнатады және штаттан тыс жағдай туындаса, шұғыл әрекет етеді. Басты міндет – адам мен жыртқыш арасындағы қақтығысқа жол бермеу.

