Жаңа әуежай қанша жолаушы қабылдай алады және Шығыс Қазақстанға қандай мүмкіндік береді?

 

Шығыс Қазақстан жаңа әуежайдың ашылуына дайындалып жатыр. Катонқарағай ауданында құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған әуежай көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, туризмді кеңінен дамытуға жол ашуы тиіс. Келешекте мұнда Астана мен Алматыдан ғана емес, Қытай мен Моңғолиядан да саяхатшылар ұшып келе алады. Демек, Қазақстанның әйгілі Алтайы мыңдаған турист үшін әлдеқайда жақындай түседі.

ШЫҒЫСТЫҢ ТАРТЫМЫ

Катонқарағайды Қазақстанның табиғаты көркем өңірлерінің бірі деп бекер атамайды. Асқақ таулар, альпілік шалғындар, шипалы бұлақтар, әйгілі Рахман қайнары, Берел қорғандары мен ғажайып көріністер үшін саяхатшылар жүздеген шақырым жол жүруге дайын. Алайда осынау сұлулыққа жетудің бір үлкен қиындығы бар еді – ЖОЛ!!! Шығыс Қазақстанның шалғайдағы туристік орындарына бару үшін қонақтар автокөлікпен ұзақ жүруге мәжбүр болатын. Туристердің көбі үшін, әсіресе шетелден келетіндерге, мұндай сапар елеулі кедергі әрі сынаққа айналатын.

Енді жағдай түбегейлі өзгеруі мүмкін. Катонқарағай ауданында саяхатшыларға да, бүкіл өңір экономикасына да жаңа мүмкіндік беретін әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын.

САҒАТЫНА 150 ЖОЛАУШЫ ЖӘНЕ БІР МЕЗГІЛДЕ ТӨРТ ҰШАҚ

Жаңа әуежай Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының арасында, Белқарағай ауылының маңында салынып жатыр. Жобаның ауқымы да айтарлықтай. Құрылысқа 266 гектар жер бөлінген. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2200 метр, ені 35 метр болады. Әуежай өңірлік бағыттарға қатынайтын Bombardier Q400*, ATR-72* және CRJ200* жолаушылар ұшақтарын қабылдауға есептелген. Перронға бір мезгілде төрт әуе кемесі сыяды. Жолаушылар терминалының ауданы 4000 шаршы метрге дейін жетеді. Оның өткізу қабілеті сағатына 150 жолаушыға есептелген.

Жобада ұшу-қону жолағын кейін кеңейту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл келешекте жолаушы сыйымдылығы жоғары ұшақтарды, соның ішінде Airbus A320 мен Boeing 737 әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Әуежай заманауи навигациялық және метеорологиялық жабдықтармен қамтылады. Диспетчерлік мұнара, авариялық-құтқару қызметі, жолаушылар мен әуе кемелеріне қызмет көрсетуге қажет барлық инфрақұрылым қарастырылған.

ҚҰРЫЛЫС АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

ШҚО-ның салалық басқармасы мәлімдегендей, нысанның жалпы дайындығы 80%-ға таяды. Негізгі аэродром инфрақұрылымы салынып бітті. Ұшу-қону жолағы, перрон және ұшақтардың жерде жүруіне арналған жол дайын. Республикалық маңызы бар жол учаскесі мен блокты-модульді қазандықтың құрылысы да аяқталды. Қазір құрылысшылар аэровокзал, диспетчерлік мұнара, қызметтік үй-жайлар мен инженерлік желілерді салуға күш жұмылдырып отыр.

Құрылыс алаңында 350 адам жұмыс істеп жатыр, 150-ден астам техника бірлігі жұмылдырылған.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары кезінде әуежайдың тұтастай жаңадан салынып жатқанын, сондықтан атқарылатын жұмыстың көлемі де үлкен екенін атап өтті. Өңір басшысы мердігерлерге кестені қатаң сақтап, құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Алайда тұрақты жолаушылар тасымалын бастау үшін әуежай пайдалануға беру және сертификаттау рәсімдерінен өтуі керек.

АСТАНА МЕН АЛМАТЫДАН АЛТАЙ ТАУЛАРЫНА ТІКЕЛЕЙ

Болашақ әуежайдың басты артықшылықтарының бірі – Қазақстанның ең ірі қалаларымен тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі. Алғашқы кезеңде Катонқарағайдан Астанаға, Алматыға және Өскеменге рейстер ашу қарастырылып жатыр. Бірақ жоспар мұнымен шектелмейді. Келешекте Қытайдың Алтайы мен Қанасына, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгийіне халықаралық бағыттар ашу көзделген. Осылайша, Катонқарағай бірнеше мемлекеттің бірегей табиғи аумақтарын біріктіретін халықаралық туристік маршруттардың бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Әзірге бұлар – келешекке жоспарланған бағыттар. Рейстердің нақты қашан ашылатыны, ұшу жиілігі мен билет бағасы әуе компанияларының шешіміне және әуежайдың пайдалануға дайындығына байланысты болады.

Айта кетейік, өңір басшысының Катонқарағай тұрғындарымен кездесуінде Тараздан келген авиациялық бөлімше Катонқарағайға ұшуларға қызмет көрсету туралы ұсыныс білдірген.

100 МЫҢНАН 250 МЫҢҒА ДЕЙІН: ӨҢІР ҚАНША ТУРИСТ ҚАБЫЛДАУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР?

Әуежай құрылысы туристер санын арттыру жоспарымен тікелей байланысты.

Қазақстан Көлік министрлігінің 2025 жылғы наурызда айтылған бағалауы бойынша, Катонқарағайға жыл сайын шамамен 100 мың турист келеді. Бес жыл ішінде бұл көрсеткішті жылына 250 мың адамға дейін жеткізу көзделген.

Әрине, бұл сан тек әуе жолаушыларын қамтымайды. Бұл – көлік және туристік инфрақұрылымды дамыту есебінен өсуі тиіс жалпы туристер санына қатысты болжам. Ал әуежай сол өсімге ықпал ететін негізгі факторлардың біріне айналуы мүмкін. Өйткені турист тек тауды тамашалауға келмейді. Оған жайлы баспана, тамақ, көлік, сапалы экскурсия, ұялы байланыс пен қауіпсіздік қажет. Демек, саяхатшылар санының артуы жергілікті кәсіпкерлікке қосымша серпін беруі мүмкін.

Катонқарағай ауданының тұрғындары үшін бұл – қонақ үйлер мен шағын мейманханалар, дәмханалар ашуға, ауылдық және экологиялық туризмді дамытуға, атпен серуендеу, экскурсиялар мен тау маршруттары бойынша саяхаттар ұйымдастыруға мүмкіндік.

Әуежай шипажай-курорт бағытын дамытуда да ерекше рөл атқаруы мүмкін. Шығыс Қазақстанның әйгілі сауықтыру орындары жыл бойы қонақ тартуға мүмкіндік алады. Бұған дейін автокөлікпен ұзақ жол жүру және қысқы жол шектеулері көптеген қонақ үшін елеулі кедергі болатын.

Экономикалық мүмкіндіктер тек Катонқарағай ауданымен шектелмейді. Көлік қатынасының жақсаруы көршілес Үлкен Нарын ауданы мен Шығыс Қазақстанның басқа да аумақтарындағы туризмге қолдау бола алады.

Алтайдың сұлулығы жарнаманы ешқашан қажет еткен емес. Оған тек жақсы жол керек еді. Енді сол сұлулыққа әуе жолы да ашылмақ.

Bombardier Q400 – 70 жолаушыға арналған әуе лайнері. Оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі өңірлік әуе компаниялары қысқа қашықтыққа ұшу үшін пайдаланады. Бірнеше құрлықтағы ондаған елдің тұрақты жолаушылар бағыттарында белсенді қолданылады.

ATR-72 және Bombardier CRJ200 – әлемдегі ең танымал өңірлік лайнерлердің қатарына кіретін ұшақтар. Әуе компаниялары оларды ондаған жыл бойы қысқа қашықтықтағы бағыттарда белсенді пайдаланып келеді. Бұл ұшақтарды АҚШ пен Канададағы өңірлік тасымалдаушылар кеңінен қолданады. Олар ТМД, Азия және Африка елдерінде де белсенді ұшады.

Новые статьи

ШҚО-ға тұмауға қарсы вакцинаның 52 мыңнан астам дозасы жеткізілді

Шығыс Қазақстан облысында тұмауға қарсы екпе алу науқаны жалғасып жатыр. Өңірге вакцинаның 52 мыңнан астам дозасы жеткізілді. Ал облыстық бюджет есебінен барлығы «Гриппол» вакцинасының...

В ВКО поступило более 52 тысяч доз вакцины против гриппа

В Восточно-Казахстанской области продолжается прививочная кампания против гриппа. В регион уже доставили более 52 тысяч доз вакцины, а всего за счёт областного бюджета закуплено...

На модернизацию коммунальных сетей Казахстана направят 1,1 трлн тенге

В Казахстане намерены расширить круг банков, которые кредитуют проекты по обновлению коммунальной инфраструктуры. Заместитель премьер-министра Канат Бозумбаев поручил подготовить предложения по упрощению доступа коммунальных...

В резерватах «Ертіс орманы» и «Семей орманы» высаживают пять миллионов сосен

На восстановление лесов, пострадавших от пожаров, в Павлодарской и Абайской областях направили 500 млн тенге. При поддержке группы компаний «Самрук-Казына» в государственных природных резерватах...