Шығыс Қазақстан облысында тұмауға қарсы екпе алу науқаны жалғасып жатыр. Өңірге вакцинаның 52 мыңнан астам дозасы жеткізілді. Ал облыстық бюджет есебінен барлығы «Гриппол» вакцинасының 75 мың дозасы сатып алынған. Бұл туралы ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары хабарлады.
Биыл иммундық препаатты сатып алуға 76 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Сонымен қатар жұмыс берушілер «Қазцинк» және «Тарбағатай Мұнай» компанияларының қызметкерлері үшін қосымша 1 040 вакцинаны сатып алуды жоспарлап отыр.
Екпенің алғашқы 19 мың дозасы облыстық қоймаға 2 қазанда жеткізілді. 14 қазандағы мәлімет бойынша, 11 598 адам екпе алған. Бұл алғашқы партия көлемінің 61%-ын құрайды. Ал 13 қазанда өңірге тағы 33 470 дозасы жеткізілді. Бұдан бөлек, қосымша 22 530 дозаны жеткізу жоспарланған.
Департамент мамандарының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін вакцина алған адамдар арасында қолайсыз реакциялар тіркелмеген.
Тұмауға қарсы вакцинация науқаны 2026 жылғы 5 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. Дәрігерлер, әсіресе, аурудың асқыну қаупі жоғары топтарға жататын азаматтарды екпені кейінге қалдырмауға шақырады. Олардың қатарында балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар азаматтар бар. Бұл санаттағы адамдарда тұмау ауыр өтіп, түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар мамандар маусымдық инфекциялардан қорғану үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмені желдету, ылғалды тазалық жүргізу және жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу маңызды. Адам көп жиналатын орындарда медициналық маска қолдану ұсынылады.

