Шығыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ-дің бес мыңнан астам жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылық деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға төмен.
Науқастардың 3010-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. 17 адам ауруханаға жатқызылды.
– Қазір ЖРВИ мен тұмау бойынша жағдай тұрақты деп бағаланады. Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық 35%-ға төмендеді. Өңірде тұмау мен коронавирус инфекциясының зертханалық расталған жағдайлары жоқ, – деп хабарлады ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямгазина.
Биылғы эпидемиологиялық маусымда риновирустық инфекцияның үш және аденовирустық инфекцияның бір жағдайы анықталды.
Мамандардың болжамынша, 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда А (H1N1), «Гонконг тұмауы» деп аталатын А (H3N2), сондай-ақ В (Victoria) тұмау вирустарының таралуы күтіледі.

