Нұрлыбек Нәлібаев Өскемендегі жолайрық құрылысымен танысты

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Әуелі Өскеменде Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жаңа жолайрықтың құрылыс барысын бақылады.

Жолайрық арқылы қозғалысты кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр. Келесі аптада Сәтбаев даңғылының бойындағы жоғарғы жол өткелімен көлік қозғалысын іске қосу көзделген. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл үшін Еуропадан қосымша материалдар жеткізілуі керек. Қажетті материалдар алдағы күндері келеді деп күтілуде. Одан кейін құрылыс жұмыстары Есенберлин даңғылы бағытында жалғасады.

Қозғалысты ішінара ашудағы басты талап — қауіпсіздік. Құрылыс жұмыстары қолданыстағы көлік қозғалысына кедергі келтірмей жүргізілуі керек. Сондықтан автокөліктердің өтуі жүргізушілерге қолайсыздық тудырмайтындай әрі қауіпсіздікке қатер келтірмейтіндей ұйымдастырылуы қажет.

Нысанды аралау барысында Нұрлыбек Нәлібаев қалған учаскелерді сәуір айының соңында асфальт төсеуге дайындау маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар құрылыс мерзімдерінің сақталуы және жұмыс сапасы қатаң бақылауда болуы тиіс екенін айтты.

Жобаны қаржыландыру мәселесіне де назар аударылды. Құрылыстың жалпы құны — 36 млрд теңге. Оның 16 млрд теңгесі биыл Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен бөлінді. Құрылысты бекітілген бюджет шеңберінде аяқтау тапсырылды.

Жолайрық толық пайдалануға берілгеннен кейін көлік ағыны екі деңгей бойынша бөлінеді. Жоғарғы деңгейде Сәтбаев даңғылы бойымен бағдаршамға тоқтамай жүруге мүмкіндік туады. Ал төменгі деңгейдегі айналма жол бес бағытты өзара байланыстырады. Жоба аясында Жібек жолы көшесін алты жолаққа дейін кеңейту және Есенберлин даңғылы жағынан қосымша кіреберіс салу да қарастырылған.

Есеп бойынша, жолайрықтың өткізу қабілеті тәулігіне 85 мың автокөліктен 200 мыңнан астам көлікке дейін артады. Бұл облыс орталығында көлік кептелісін азайтып, қаланың әр ауданындағы қозғалыс байланысын жақсартуға және тұрғындардың жолға жұмсайтын уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Одан соң Үкімет басшысының бірінші орынбасары мен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен су электр станциясына барды. Соның барысында станцияның өндірістік қуаты, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі және негізгі жабдықтарды жаңғырту бағытындағы жұмыстардың барысы қаралды.

Өскемен СЭС-інің негізгі міндеттерінің бірі — электр энергиясын өндірумен қатар, гидротехникалық құрылыстардың сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету. Осыған байланысты нысанда жабдықтарды жаңғырту, жоспарлы жөндеу және техникалық жағдайын бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Станцияда 2009 жылдан бері ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылып келе жатыр. Соның нәтижесінде №1, №2 және №3 гидроагрегаттардың қуаты 82,8 МВт-тан 95 МВт-қа дейін ұлғайтылды. Станцияның жалпы орнатылған қуаты да 331,2 МВт-тан 367,8 МВт-қа дейін өсті.

Қазір №4 гидроагрегатты күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2024-2027 жылдарға жоспарланған жобаның құны — қосылған құн салығын есептемегенде 15 млрд теңге. Жоба аясында гидротурбинаның жұмыс дөңгелегін, бағыттаушы аппараттың қалақшаларын және гидрогенераторды ауыстыру, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды жөндеу көзделген.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін №4 гидроагрегаттың қуаты 82,8 МВт-тан 95 МВт-қа дейін артады. Нәтижесінде станцияның жалпы орнатылған қуаты 380 МВт-қа жетіп, жылдық электр энергиясын өндіру көлемі шамамен 17 млн кВт•сағ-қа ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар электр энергиясын өндіруге жұмсалатын су шығынын азайту жоспарланған.

Содан кейін Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының құрамына кіретін Өскемен жылу электр орталығына барды. Сапар барысында орталықтың өндірістік қуатын арттыруға және өңірді энергиямен жабдықтау сенімділігін нығайтуға бағытталған инвестициялық жобаның іске асырылуына ерекше назар аударылды.

Өскемен ЖЭО-ны кеңейту жобасы аясында станцияның электр қуатын 100 МВт-қа, ал жылу қуатын 130 Гкал/сағ-қа арттыру көзделіп отыр.

Жаңа қуаттарды іске қосу қаланың электр және жылу энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге, қажетті қуат резервін қалыптастыруға және тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өскемен ЖЭО-ны кеңейту — Шығыс Қазақстан облысындағы маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Оны іске асыру орталықтың өндірістік қуатын ұлғайтумен қатар, қаланың одан әрі дамуына берік энергетикалық негіз қалыптастыруға, тұрғындар мен өнеркәсіп кәсіпорындарының энергияға деген қажеттіліктерін тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны 2029 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде Өскемен ЖЭО-да қосымша генерациялау қуаттары іске қосылып, облыс орталығын жылу және электр энергиясымен жабдықтау сенімділігі артады.

Новые статьи

В ВКО подготовили более 900 единиц техники к зиме

В Восточно-Казахстанской области сформировали группировку для оперативного реагирования на чрезвычайные ситуации в зимний период. В нее вошли 3 360 человек и 905 единиц техники,...

В школах Казахстана ввели курс личной безопасности для учеников 5–11 классов

С начала 2026–2027 учебного года школьники Казахстана изучают, как распознавать опасные ситуации, оценивать риски и правильно действовать, если им угрожает опасность. Курс «Личная безопасность»...

Акиматы будут ежеквартально проверять поставщиков портала социальных услуг

Акиматы Казахстана будут не реже одного раза в квартал проверять, как поставщики выполняют обязательства перед людьми с инвалидностью в рамках портала социальных услуг. Новые...

В Казахстане откроют новые нефрологические центры и проверят качество диализа

До конца 2026 года в регионах Казахстана должны появиться недостающие центры компетенций по нефрологии. Также Министерство здравоохранения намерено усилить контроль качества диализной помощи и...