Өскеменде Ұлы Отан соғысының ардагері Макар Родионович Хариннің 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ардагерді құттықтау үшін оның үйінің ауласына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов барды. Сондай-ақ мерейтой иесінің туған-туыстары мен көршілері, әскери қызметшілер және ардагерлер кеңесінің өкілдері жиналды.
Макар Родионовичті көпшілік қошеметпен қарсы алды. Өскемен гарнизонының әскери қызметшілері сап түзеп, ардагерге құрмет көрсетті. Кейін майдангердің алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті.
Өңір басшысы ардагерді ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Макар Хариннің Абаймен бір күнде дүниеге келгенін атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов Макар Родионовичтің өмір жолы рух беріктігінің, ерлік пен адамдық қадір-қасиеттің шынайы үлгісіне айналғанын айтты. Әкімнің сөзінше, ардагер ауыр сынақтарды еңсеріп, бейбітшілікті қорғады және кейінгі ұрпаққа өмір сүруге, еңбек етуге әрі өз болашағын құруға мүмкіндік сыйлады.
– Сіздің есіміңізді облыс тұрғындары зор құрметпен және алғыс сезімімен атайды. Оның артында даңғаза сөздер емес, парызға адалдық, адал еңбек және Отанға деген сүйіспеншілік тұр. Ерлігіңіз, қайсарлығыңыз, бейбіт аспан және ұрпағыңызға қалдырып отырған баға жетпес өнегеңіз үшін алғыс айтамын, – деді Нұрымбет Сақтағанов мерейтой иесіне.
Өңір басшысы ардагерге мықты денсаулық, сергек көңіл, сарқылмас күш-қуат, жақындарының сүйіспеншілігі мен отбасылық амандық тіледі.
– Шаңырағыңызда әрдайым тыныштық, жылулық пен бақыт орнасын. Әр күніңіз айналаңыздағы адамдардың қамқорлығы, құрметі және шынайы алғысымен жылысын, – деп қосты әкім.
Макар Родионович Алтайдағы Маралиха ауылында дүниеге келген. Ол төрт сыныпты аяқтап, еңбекке ерте араласқан. Жылқышы болып жұмыс істеп, астық жинауға қатысқан.
1943 жылы 17 жастағы бозбала әскер қатарына шақырылды. Ол минометшілер құрамында қызмет етіп, Балтық жағалауындағы шайқастарға қатысты және ауыр жарақат алды. Кейін қоршаудағы Ленинград госпитальдарында емделді.
Әскерден оралғаннан кейін Макар Харин бейбіт еңбекке кірісіп, ауылда жұмыс істеді. 1960-шы жылдардан бастап Өскемен үй құрылысы комбинатында, кейін облыстық газ шаруашылығында еңбек етті.
Ардагерлер ұйымының атынан мерейтой иесін Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ШҚО-ның құрметті азаматы Айтқазы Шерубаев құттықтады.
Аулада баянның сүйемелдеуімен соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Макар Родионовичке теледидар мен жиһаз алуға арналған сертификат сыйға тартылды.

