1960 жылы іске қосылған алып гидротехникалық нысан осы уақыт ішінде миллиардтаған киловатт-сағат электр қуатын өндірді. Бұл көрсеткіштің артында бірнеше буын энергетиктің еңбегі, заманауи технологиялар мен миллиардтаған инвестиция жатыр. Бүгінде еліміздегі ең ірі су электр станцияларының бірі үздіксіз жұмыс істеп қана қоймай, қарқынды түрде жаңғыртылып жатыр.
Нысанның ауқымы әлі күнге дейін таңғалдырады. Бөгеттің ұзындығы – 380 метр, ал биіктігі 90 метрге жетеді. Кешенді жобалау кезінде өңірдің жоғары сейсмикалық белсенділігі де ескерілген: бөгет сегіз балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады.
Машина залында әрқайсысының қуаты 75 МВт болатын тоғыз гидроагрегат жұмыс істеп тұр. Мұнда су ағынынан алынған энергия «Казцинк» компаниясының өндірістік бөлімшелерін, сондай-ақ облыстағы елді мекендер мен нысандарды электр қуатымен қамтуға жұмсалады. Компания СЭС-ті жаңғыртуға 21,4 миллиард теңге инвестиция құйды. Техникалық жаңартудың нәтижесінде станцияның белгіленген қуаты 45 МВт-қа артты.
Бұл өз кезегінде өндіріс тиімділігін көтеріп, қосымша энергетикалық мүмкіндік береді және Шығыс Қазақстанды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Станцияның өңір үшін маңызын нақты цифрлар да айғақтайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Бұқтырма СЭС-і 3 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіріп, жоспарды бірден 30 пайызға артық орындады. Алпыс жылдан астам тарихы бар энергетикалық нысан үшін бұл – айтарлықтай нәтиже. Мұндай көрсеткішке табиғи ресурстар ғана емес, жабдықтарды үнемі жаңарту, оларды сауатты пайдалану және мамандардың кәсібилігі арқылы қол жеткізілді. Қазір кәсіпорында 200-ге жуық маман еңбек етеді. Алдағы жаңғырту жоспарында бақылау жүйесін автоматтандыру және гидротехникалық құрылыстарды диагностикалау міндеті тұр.
Кәсіпорын экологиялық бағдарлама аясында жыл сайын су айдындарына балық жібереді. 2026 жылы Бұқтырма су қоймасына 136 мыңнан астам биылғы тұқы шабағы жіберілді.
Бұқтырма СЭС-і әлдеқашан Шығыс Қазақстанның энергетика тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Мұнда бірнеше буынның тәжірибесі, заманауи технология мен табиғи ресурстарға деген жауапкершілік үйлесім тапқан. Сенімділік дәстүрін сақтаған станция Ертістің қуатын алдағы ондаған жылдар бойы өңір халқының, өнеркәсібі мен экономикасының игілігіне жарату үшін дамуын жалғастыра береді.

