Тәжірибе, кәсіп және технология: ШҚО-да әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері талқыланды

Әйел адамның өз кәсібін ашып, оны дамытуына және жаңа нарықтарға шығуына не көмектеседі? Кәсіби тәжірибесі мол болғанымен, жасына байланысты жұмысқа орналасуда қиындыққа тап болатын 50-ден асқан әйелдерге қандай мүмкіндіктер бар? Осы және өзге де сауалдар 6 қарашада ШҚО орталығында өткен «Жаңа экономикалық мүмкіндіктер: әйелдер, кәсіпкерлік, технологиялар» атты республикалық семинарға арқау болды.

Жиында әйелдердің білім алуына қолжетімділікті арттыру, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, қаржыландыру көздерін тарту және цифрлық сервистерді пайдалану мәселелері талқыланды. Семинарға мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкер әйелдер мен қоғамдық бастамаларға қатысушылар жиналды.

Қатысушыларға арнаған сөзінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов әйелдер кәсіпкерлігінің статистикалық көрсеткіштерінің артында нақты жобалар мен жаңа жұмыс орындары тұрғанын атап өтті.

«Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілерін миллионнан астам әйел басқарады. Олардың үлесі кәсіпкерлік құрылымдар басшыларының жалпы санының 48 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіштердің артында мыңдаған табысты жоба, жаңа жұмыс орындары, өңірлердің дамуы және ел экономикасына қосылған қомақты үлес бар», — деді аймақ басшысы.

Шығыс Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, қолөнер, ұлттық өнімдер өндірісі және қызмет көрсету салаларының әлеуеті зор. Облыс әкімінің айтуынша, электронды сауда мен цифрлық платформалар кәсіпкер әйелдерге өз қаласы мен ауылынан тыс жерлердегі тұтынушыларды табуға мүмкіндік береді. Әсіресе, мұндай құралдардың ауылдардағы әйелдер үшін қолжетімді болуы маңызды.

Әйелдердің кәсіпкерліктегі рөлінің өзгеруі туралы Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары Динара Тәженова баяндады. Оның айтуынша, шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 2011 жылғы 38,4 пайыздан 2025 жылы 48,1 пайызға дейін өскен. Бүгінде әйел кәсіпкерлер елдегі шағын және орта бизнес саласындағы барлық жұмыс орындарының 34 пайызын, яғни 1,5 миллионға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр.

Семинарда көтерілген маңызды тақырыптардың бірі — 50 жастан асқан әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері болды.

Қоғам қайраткері Тоғжан Қожалы өз сөзін 52 жастағы әйелдің оқиғасынан бастады. Өндіріс орнында 28 жыл экономист болып еңбек еткен маман басқа қалаға қоныс аударғаннан кейін жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Ол жаңа мамандықты меңгеруге де дайын. Алайда өзінің айтуынша, жасына байланысты жұмысқа орналасудан бірнеше рет бас тартылған. Баяндамашының әлеуметтік желідегі жазбасына қалдырылған пікірлерде де осындай жағдайлар баяндалған.

«Әйелге білім алуға кеңес береді, бірақ оқуға мүмкіндік бермейді. Жұмыс істе дейді, алайда жасына байланысты жұмысқа қабылдамайды. Ол осы тығырықтан қалай шығуы керек?» – деген сауал қойды Тоғжан Қожалы.

Спикер мұндай оқиғалар ресми статистиканы алмастыра алмайтынын, әр жағдай жеке тексеруді қажет ететінін атап өтті. Дегенмен, олар әйелдердің еңбек нарығында кездесетін кедергілерді анық көруге мүмкіндік береді. Баяндамада келтірілген мәліметке сәйкес, былтырғы жылдың басында Қазақстанда 50 жастан асқан 2,8 миллионға жуық әйел тұрған. Олардың басым бөлігі үшін қайта даярлау курстарына қол жеткізу және кәсіби қызметін жалғастыру мүмкіндігі аса маңызды.

Шығыс Қазақстанның атынан қатысқан, Қазақстан машина жасаушылар одағының сарапшысы Зоя Новолодская әйелдер кәсіпкерлігіне шешім қабылдау дағдысы тұрғысынан қарауды ұсынды. Оның пікірінше, кәсіпті дамыту үшін қаражатты қайда бағыттау, команданы қалай жасақтау және бизнестің өсуіне қандай мүмкіндіктерді пайдалану керектігін білу маңызды.

«Демек, “әйел шешім қабылдай ала ма?” деген мәселе күн тәртібінен түсті. Ендігі маңызды сұрақ — біз қандай шешім қабылдаймыз?» — деді ол.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі: Сондай-ақ сарапшы банктермен және серіктестермен келіссөз жүргізуге қатысты практикалық кеңесімен бөлісті. Оның айтуынша, қаржылық тәуекелдерді талқылау кезінде бизнестің даму мүмкіндіктерін де көрсету, жоспарларды нақты есеп-қисаппен негіздеу қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері цифрлық жұмыспен қамту қызметін дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Бұған дейін жұмыспен қамту орталықтарына жеке барып алынатын бірқатар қызметтер енді онлайн форматқа көшіріліп жатыр.

Талқылау барысында жаңа мүмкіндіктердің тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де қолжетімді болуы керектігі бірнеше рет айтылды. Кәсібін енді бастаған әйел үшін бұл — алғашқы тұтынушыларын табу, кәсібін дамытып отырған кәсіпкер үшін — қаржыландыруға қол жеткізіп, жаңа нарықтарға шығу, ал көпжылдық еңбек өтілі бар әйел үшін сұранысқа ие жаңа дағдыны меңгеріп, жұмысқа орналасу мүмкіндігі.

Семинарға қатысушылар әйелдердің экономикалық белсенділігін қолдау шаралары дәл осындай нақты міндеттерді шешуге бағытталуы тиіс деген ортақ пікір білдірді.

Новые статьи

Казахстан продлил запрет на вывоз бензина и дизельного топлива

В Казахстане вводят новые ограничения на экспорт бензина, дизельного топлива и ряда других нефтепродуктов. Запрет будет действовать в течение шести месяцев, но сроки и...

В Казахстане доля выигранных гражданами дел против госорганов выросла до 58%

Депутаты комитета Курултая по конституционному законодательству, судебной системе и правоохранительным органам обсудили в Верховном Суде результаты судебной реформы и дальнейшие изменения в системе правосудия. Председатель...

В ВКО обсудили поддержку женского бизнеса и трудоустройство женщин старше 50 лет

Возможности для развития предпринимательства, доступ к финансированию и обучению, а также трудоустройство женщин с большим профессиональным стажем стали главными темами республиканского семинара «Новые экономические...

Каждый пятый руководитель медорганизаций в РК не прошел аттестационное тестирование

В Казахстане 47 руководителей и заместителей медицинских организаций родовспоможения, детских стационаров и станций скорой помощи не набрали проходной балл на первом этапе аттестации. Это...