Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың басынан бері су айдындарында балық аулау кезінде жеті адам қаза болды. Құтқарушылар қайғылы оқиғаларды саралап, балықшылар өліміне себеп болған негізгі факторларды атады.
Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі балықшылардың қайықтан құлап кетуінен, суға құтқару кеудешесін кимей шығуынан және қолайсыз ауа райы жағдайларын елемеуінен болды. Сондай-ақ қараңғы түскенде балық аулау мен жүзу құралдарын шамадан тыс жүктеу де адам өміріне қауіп төндіреді.
— Күз мезгілінде облыстың өзен-көлдерінде балық аулаушылардың қатары көбейеді. Осыған байланысты құтқарушылар қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Жыл басынан бері мамандар 300-ден астам рейд өткізіп, балықшыларға судағы қауіпсіздік ережелерін ескертіп жатыр, — деп хабарлады ШҚО ТЖД.
Құтқарушылар қайықтағы әр адамның міндетті түрде құтқару кеудешесін киюі қажеттігін еске салды. Сонымен қатар суға шығар алдында жүзу құралының жарамдылығын тексеріп, өзімен бірге құтқару шеңбері мен қайыққа кірген суды төгуге арналған ыдыс алуға кеңес берді.
— Балық аулауға аттанбас бұрын ауа райы болжамын тексеріп, жақындарына қай жерде болатынын және қай уақытта оралуды жоспарлағанын хабарлау қажет. Су айдынында қараңғы түскенше қалмаған жөн. Балықшылардың жанында дәрі қобдишасы, жергілікті жердің картасы, берік арқан, ысқырық және су өткізбейтін қаптағы ұялы телефон болуы керек. Ең бастысы, құтқару кеудешесі қайықта жай ғана жатпай, адамның үстінде болуы тиіс, — делінген ақпаратта.

