Шығыс Қазақстанда өндірілетін өсімдік майы Иран нарығында сұранысқа ие. Енді өңір сауда-саттықтан бастап бірлескен өндіріс орындарын ашуға дейінгі ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Иранның Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади талқылады.
Биылғы тоғыз айда облыстың Иранмен арадағы тауар айналымы 10,5 млн АҚШ долларын құрады. Оның 9,3 млн долларға жуығы — Шығыс Қазақстаннан экспортталған өнім. Экспорттың басым бөлігі өсімдік майына тиесілі.
Кездесу барысында тау-кен өнеркәсібіне жаңа технологияларды енгізу, автокөлік жолдары мен тұрғын үй құрылысы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Сонымен қатар университеттер арасындағы байланыс, білім беру саласындағы жаңа технологиялар және сауда палаталарының өзара іс-қимылы сөз болды.
— Ең бастысы — екі елдің кәсіпкерлері мен кәсіпорындары үшін қолайлы жағдай жасау, өзара тиімді өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және бизнесті дамыту, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ауыл шаруашылығы саласында да әріптестікті дамытуға мүмкіндік мол. Шығыс Қазақстан өсімдік майы мен бал өндіруден еліміздегі жетекші өңірлердің қатарында. Ал Алтайдың көркем табиғаты мен бай тарихи-мәдени мұрасы туристік байланыстарды дамытуға негіз бола алады.
Инвестиция тарту және әлеуетті серіктестермен өзара іс-қимыл мәселелерін облыс әкімінің орынбасары тікелей үйлестіреді. Ал тиісті басқармалар аталған бағыттар бойынша түскен ұсыныстарды пысықтайды.

