Өскемендегі «Біз біргеміз» волонтерлік тобы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, ерекше қажеттіліктері бар балаларға, сондай-ақ балалар үйі мен интернат тәрбиеленушілеріне жаңа жылдық сыйлықтар әзірлеу үшін тәттілер жинау акциясын бастады. Биыл еріктілер шамамен 100 келі кәмпит жинауды көздеп отыр.
— Жыл сайын халықтың қолдауының арқасында қажетті мөлшердегі тәттіні жинап үлгеріп келеміз. Кез келген көлемде және кез келген кәмпит әкелуге болады. Тіпті 200 грамм тәттінің өзі біз үшін өте маңызды», — дейді волонтерлер.
Тәттілерді тапсыру үшін алдын ала ұйымдастырушылармен байланысу қажет. Олар тәттілерді қалай жеткізуге болатынын түсіндіреді.
Сондай-ақ акцияға ақшалай аударым жасау арқылы да үлес қосуға болады. Жиналған қаражатқа балаларға арналған кәмпиттер сатып алынады. Ақша аударған кезде төлем мақсатына міндетті түрде «Балаларға арналған кәмпиттер» деп көрсету қажет.

