Шығыс Қазақстан облыстық сотында мүлікті ұзақ уақыт иелену (иелену ескіруі) негізінде меншік құқығын тану істері бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Дөңгелек үстел барысында судьялар мен заңгерлер жылжымайтын мүлік пен жер телімдеріне қатысты дауларды, сондай-ақ мүлікті иелену дерегін дәлелдеу қиындықтарын ортаға салды.
Кездесуді облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дулат Салатов жүргізді. Талқылауға судьялар, мемлекеттік органдардың өкілдері, адвокаттар мен заң консультанттары қатысты.
Жиындағы басты тақырыптардың бірі – мүлікті адал, ашық әрі үздіксіз иеленгенін қалай дәлелдеу керек деген мәселе болды. Қатысушылар осы жайттарды растау жолдарын, үй-жай мен жер дауларын қараудың ерекшеліктерін талдады. Судьялар мен заңгерлер тәжірибе бөлісіп, заңнаманы қолдану кезінде кездесетін кедергілер мен сот тәжірибесіндегі жекелеген мәселелерді талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша «Иелену ескіруіне байланысты мүлікке меншік құқығын тану туралы азаматтық істерді қарау бойынша» әдістемелік ұсынымдар дайындалды. Құжатта мұндай істерді қараудың негізгі құқықтық тәсілдері жинақталған.
Мамандар сот процесіне нақты кімдердің қатысуы тиіс екенін анықтауға, ұсынылған дәлелдемелерді бағалауға және дауды қарау кезінде мүлік түрлерінің ерекшеліктерін ескеруге баса назар аударды.
Дөңгелек үстел азаматтық істерді қарау сапасын арттыру және заңнаманы бірізді қолдану мақсатында ұйымдастырылды.

