Өскеменде мердігерге 2026 жылғы 3–22 қазан аралығында қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдар мен оларға іргелес аумақтарда дератизацияның қосымша, үшінші кезеңін өткізу тапсырылды. Бұған дейін тұрғындардың өтініштерін ескеріп, екінші жоспарлы кезеңді мерзімінен бұрын – 28 тамызда бастаған еді.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған алаңдарды кеміргіштердің таралуына жол бермеу және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету үшін өңдейді.
Бірінші кезең 2026 жылғы наурыз – сәуір айларында өтті. Сол кезде мердігер ұйым контейнер алаңдарын үш рет өңдеді.
Екінші кезең 2026 жылғы қыркүйек – қазан айларына жоспарланғанымен, азаматтардың өтініштерін ескеріп, жұмысты ертерек бастады. Бұл кезеңде кеміргіштерге қарсы улы жемді арасына жеті тәулік салып, үш рет орналастыру көзделген.
Қосымша үшінші кезеңде де улы жем арасына жеті тәулік салынып, үш рет орналастырылады. Жұмыстар қажетті тиімділік көрсеткішіне жеткенше жалғасады.
Алайда қоқыс контейнерлерінің маңына жем қоюмен ғана мәселе шешілмейді. Нәтиже көппәтерлі үйлердің жертөлелері мен техникалық үй-жайларында жүргізілетін дератизацияға да байланысты.
Бұл үй-жайлар кондоминиумның ортақ мүлкіне жатады. Оларды тиісті санитариялық жағдайда ұстауға, кеміргіштердің енуі мен таралуына қарсы шаралар қабылдауға кондоминиум объектісін басқару органы немесе үйді күтіп-ұстауға жауапты тұлға жауап береді.
Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін контейнер алаңдарын, іргелес аумақтарды, жертөлелер мен техникалық үй-жайларды кешенді түрде өңдеу қажет. Сонымен қатар кеміргіштер енуі мүмкін жерлерді бітеп, паналайтын орындарын жою керек.

