Өскемен қаласында полиция қызметкері көз жұмған дәмханадағы кикілжіңде зардап шеккен ер адам қазір ауруханада жатыр.
Еске салсақ, оқиға 4 қазанға қараған түні қаладағы дәмханалардың бірінде болған. Дәмханаға келушілердің бірі өзін дұрыс ұстамағаны үшін ескерту жасаған 40 жастағы жергілікті тұрғынға дене жарақатын келтірген.
Алған жарақаттарының салдарынан ол қайтыс болды. Күдіктінің әрекетінен тағы бір азамат зардап шекті. Кейін марқұмның полиция қызметкері екені, бірақ оқиға кезінде оның қызметте болмағаны анықталды.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, зардап шеккен ер адам қазіргі уақытта мамандандырылған медициналық орталықта жатыр.
— Ол нейрохирургия бөлімінде тиісті ем қабылдауда. Пациенттің жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Жақын күндері оны ауруханадан шығару жоспарланған, — делінген ақпаратта.

