Өскемен тұрғындары қоқыс контейнерлері толып кеткені туралы қалдықтарды шығаратын компанияға тікелей хабарлай алады. Ол үшін контейнер алаңдарына QR-кодтар орнатылып жатыр. Өтінішті арнайы цифрлық ақпараттық жүйе тіркейді.
Бұл тетік ШҚО Өңірлік талдау орталығы жұмысының бір бағытына айналды. Орталық мемлекеттік органдардан, цифрлық жүйелерден, датчиктер мен аппараттық-бағдарламалық кешендерден алынған деректерді біріктіреді. Жасанды интеллект әзірге тестілік режимде қолданылып жатыр. Оның міндеті – жиналған мәліметтерді жылдам өңдеп, мемлекеттік органдарға шешім қабылдауға көмектесу.
ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасы Ақпараттық технологиялар орталығы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Жайнар Шаянбаеваның айтуынша, мемлекеттік органдардан, басқармалардан және табиғи монополиялар субъектілерінен деректер жинау және ақпаратты цифрландыру жұмысы жалғасып жатыр.
Өңірлік цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың жеті айында облыста 116 негізгі ведомстволық тізілім мен тұрақты есептіліктің 247 нысанын толықтыру және өзектендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл мәліметтер өңірлік Data Lake немесе бірыңғай «Деректер көлін» қалыптастырады.
Болашақта жүйе есептілікті дайындау жұмысын автоматтандырып, тәуекелдерді болжап, басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесуге тиіс. Яғни мемлекеттік қызметшілерге қажетті ақпаратты әр басқарма мен түрлі кестелерден бөлек жинаудың қажеті болмайды.
– ЖИ толық енгізілгеннен кейін қажетті ақпаратты бірден, бір сәтте алу мүмкіндігі пайда болады, – деді Жайнар Шаянбаева.
Қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеуге ерекше назар аударылған. Жүйе GPS-трекерлердің көрсеткіштерін, қоқыс таситын көліктердің бағыттарын және қалдықтарды шығарудың бекітілген кестелерін салыстырып, заңбұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Жүйеде барлығы 569 контейнер алаңы тіркелген. Іске қосылған сәттен бері ҚТҚ шығару кестесін бұзудың 556-дан астам дерегі анықталды.
Тұрғындарға да қосымша бақылау құралы берілді. Контейнер алаңындағы QR-код арқылы олар мердігерге тікелей өтініш жолдай алады. Шағым жүйеде тіркеліп, өтініш иесі жауап ала алады.
– ҚТҚ бағытын мысалға алсақ, қазір ақпараттық жүйе арқылы бізде екі мердігер тіркелген. Контейнер алаңдарын нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Мысалы, олар қоқысқа толып қалуы мүмкін. Мұндай бұзушылықтарды жүйе анықтап, көрсетеді. Сондай-ақ тұрғындар алаңдарда орнатылған QR-кодтар арқылы өздері өтініш бере алады. Халықпен осындай кері байланыс бар және тұрғындар жауап ала алады, – деді Жайнар Шаянбаева.
Жүйе техниканың қай жерде жүргенін, мердігердің белгіленген бағытты сақтайтынын және қалдықтарды уақытында шығаратынын бақылауға мүмкіндік береді.
Өңірлік талдау орталығы тек қоқыс мәселесімен айналыспайды. Жылумен қамту нысандарына 23 датчик орнатылған. Олар жылу көздерінің жұмыс параметрлерін қадағалап, ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта нақты нысан туралы ақпарат бере алатын ЖИ-көмекші де тестілеуден өтіп жатыр.
Орталыққа 25 автоматтандырылған экологиялық бекеттің деректері де түседі. Есепті кезеңде жүйе күкірт диоксидінің (SO₂) шекті рұқсат етілген концентрациясынан асудың 57 жағдайын тіркеді. Ақпарат шара қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.
Тағы бір бағыт – су тасқыны жағдайын бақылау. Қазір жоспарланған 26 гидрологиялық бекеттің 16-сы автоматтандырылған. Алынған мәліметтер «Ситуациялық орталық» ақпараттық жүйесіне жіберіліп, су деңгейін жедел бақылау және су басу қаупін ерте анықтау үшін пайдаланылады.
Өңірлік талдау орталығының жұмысына облыс әкімінің аппараты, Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және экология департаменттері, облыстық басқармалар, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдіктері қатысады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі үшін жүйе өңірдегі жағдайды, соның ішінде өрттерді, су тасқындарын және басқа да төтенше оқиғаларды көруге болатын бірыңғай экранға айналуға тиіс.
– Өңір басшысы үшін бұл ыңғайлы. Ол жүйені ашып, аймақта болып жатқан барлық жағдайды көре алады. Төтенше жағдайлар, өрттер, су тасқындары және басқа да оқиғалардың барлығы көрсетіледі. Бұл жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Жайнар Шаянбаева.
ЖИ-дің міндеті – қажетті деректерді жылдам жинау, ауытқуды көрсету және мәселенің ведомстволар арасында жоғалып кетуіне жол бермеу. Ал тұрғындар үшін оның ең түсінікті нәтижесі қазірдің өзінде қарапайым көрінеді: толып кеткен контейнер алаңын көрді, QR-кодты сканерледі, шағымын жіберді. Одан кейін мердігердің сылтауын жүйе тексеруге тиіс.

