Қазақстан мен ФАО үш жобаны іске қосады

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) елімізде үш стратегиялық жобаны іске қосады. Олар топырақтағы көміртекті мониторингтеуге, жасанды интеллект пен дрондардың көмегімен шегірткемен күресуге, сондай-ақ отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Жобалардың ресми басталуына арналған кіріспе семинар Астанада өтіп жатыр. Бастамалар ФАО–Қазақстан әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Он жылға есептелген бағдарлама ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді.

Семинар аясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілінің орынбасары Раймунд Йелемен кездесті. Тараптар бағдарламаны іске асыру, одан әрі ынтымақтастық орнату, заманауи аграрлық технологияларды енгізу және бірлескен ғылыми жұмысты дамыту мәселелерін талқылады.

– Сарапшыларымыздың бірлескен күш-жігерінің арқасында негізгі құжаттарды әзірлеу жұмысы аяқталуға жақын. Әр жобаның халықаралық стандарттарға және еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың ұлттық басымдықтарына сай келуі аса маңызды. Бұл жобалардың іске қосылуы отандық ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға елеулі серпін беретініне сенімдімін. Жалпы, біз ФАО-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, қазіргі бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуды кеңейтуге және екі тарап үшін де қызығушылық тудыратын жаңа бағыттарды дамытуға ниеттіміз, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Вице-министр агросекторды дамытуда Қазақстанға тұрақты қолдау көрсетіп, сындарлы ынтымақтастық орнатқаны үшін ФАО-ға алғыс білдірді.

Ол жобалар халықаралық сараптама мен Қазақстанның ғылыми әлеуетін біріктіретінін атап өтті. Міндеттер ауқымы кең: топырақтың жай-күйі, ауыл шаруашылығы зиянкестері, тұқым шаруашылығы және өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау.

Бірінші жоба топырақтағы органикалық көміртекті мониторингтеу, бағалау және верификациялаудың ұлттық жүйесін құруды көздейді. Бұл жүйе жер ресурстарын тұрақты басқаруға, топырақ құнарлылығын арттыруға және ұлттық көміртек нарығын дамытуға ғылыми негіз қалыптастыруы тиіс.

Екінші жоба шегіртке зиянкестерінің таралуын бақылау мен болжауға арналған. Мамандар жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданбақ. Цифрлық технологиялар шегіртке ошақтарын жылдам анықтауға, болжамдардың дәлдігін арттыруға және басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесуі тиіс.

Үшінші бағыт – «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» ұлттық бастамасы. Жоба отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға, өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтауға және қазақстандық ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын ілгерілетуге бағытталған.

Қатысушылар отандық бау-бақша шаруашылығының символдарының бірі – Алматы апорты алмасының сортын қайта жаңғыртып, кеңінен танытуға ерекше назар аударады. Атақты алма енді кәдесыйлар мен ашықхаттарға ғана емес, нақты бақтарға да қайта оралуы тиіс.

Семинар екі күнге жалғасады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ФАО-ның, БҰҰ жүйесіндегі агенттіктердің, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, салалық қауымдастықтардың, жеке сектордың және басқа да серіктес ұйымдардың өкілдері жобалардың техникалық параметрлерін қарастырып, жылдық жұмыс жоспарларын бекітеді.

Қатысушылар ведомствоаралық үйлестіру тетіктерін айқындап, халықаралық тәжірибемен бөліседі. Негізгі тақырыптар қатарында инновациялық технологиялар, климат өзгерістеріне төзімді ауыл шаруашылығы, саланы цифрландыру, өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау, табиғи ресурстарды мониторингтеу және ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді басқару бар.

Новые статьи

Почти 250 тысяч казахстанцев нашли работу с начала года

С начала 2026 года в Казахстане работу получили 249 598 человек. Такие данные по состоянию на 1 июля представило министерство труда и социальной защиты...

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын бақылауға арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет сала ресурстарын басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформаны енгізді. Денсаулық сақтаудың зияткерлік платформасы, яғни Health Intelligence Platform медициналық ұйымдар,...

В Казахстане запустили единую цифровую платформу для контроля здравоохранения

Министерство здравоохранения Казахстана впервые внедрило единую цифровую платформу управления ресурсами отрасли. Интеллектуальная платформа здравоохранения, или Health Intelligence Platform, объединила сведения о медицинских организациях, сотрудниках,...

Шығыс Қазақстанда колледждің 552 түлегі NEET санатына енді

Шығыс Қазақстан облысында сауалнамаға қатысқан NEET санатындағы жастардың басым бөлігінің кәсіптік білімі бар. Олардың арасында колледж дипломы бар жастар ең үлкен топты құрайды. Әлеуметтік...