Шығыс Қазақстан облысында жаңартылатын энергия, жасыл сутегі мен аммиак өндіретін ірі кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр. Таңдалатын конфигурацияға қарай жобаның құны 2,7-2,8 млрд доллар болуы мүмкін.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Оңтүстік Кореяның YPP Corporation компаниясының өкілдерімен кездесті. Келіссөзге компания президенті Ким Чон Хван, бас директор Бэк Ын У, Synergy Consulting өкілдері, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов және салалық облыстық басқармалардың басшылары қатысты.
Жоба аясында жел және су электр станцияларын, энергия жинақтау жүйелерін, суды электролиздеу қондырғыларын және жасыл аммиак өндіретін кәсіпорын салу көзделген. Жаңартылатын энергетика нысандарының жалпы қуаты 1,3 ГВт болуы тиіс.
Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік және ресурстық әлеуетін атап өтті.
– Өңірімізде сіздерді қарсы алуға қуаныштымын. Шығыс Қазақстан табиғи ресурстарға, сирек кездесетін металдарға және әлемдік компаниялармен ынтымақтасатын өнеркәсіптік кәсіпорындарға бай, – деді ШҚО әкімі.
Өңір басшысы агроөнеркәсіптік кешеннің мүмкіндіктеріне де назар аударды. Инвестормен одан әрі өзара іс-қимыл мәселелерін тікелей пысықтау облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметовке тапсырылды.
YPP Corporation жобаны жүзеге асырудың екі нұсқасын қарастырып отыр. Бірінші нұсқа бойынша сыйымдылығы 320 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесі және қуаты 370 МВт электролиз қондырғысы салынады. Кешен жыл сайын 55 000 тонна жасыл сутегі мен 310 000 тонна жасыл аммиак өндіре алады. Инвестиция көлемі 2,7 млрд долларға бағаланып отыр.
Екінші нұсқа бойынша энергия жинақтау жүйесінің сыйымдылығы 430 МВт·сағ-қа, ал электролиз қондырғысының қуаты 500 МВт-қа дейін ұлғайтылады. Жасыл сутегі өндірісі жылына 75 000 тоннаға жетуі мүмкін. Оның 20 000 тоннасын ішкі нарыққа жеткізу жоспарланған.
Жасыл аммиактың жылдық өндірісі бұрынғыдай 310 000 тонна деңгейінде қалады. Екінші нұсқаның құны 2,8 млрд долларға бағаланады.
Шетелдік инвестициялардың күтілетін жалпы көлемі шамамен 3 млрд долларды құрайды. Мұндай айырмашылық кешеннің түпкілікті конфигурациясы әлі таңдалмағанымен байланысты. Нақты параметрлер техникалық-экономикалық негіздеменің қорытындысы бойынша айқындалады.
Кешенді орналастыру үшін әзірлеушілер Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын, сондай-ақ Ақтау қаласын қарастырған.
Жел және гидроэнергетикалық әлеуеті, су ресурстары, электр желісіне қосылу мүмкіндігі мен қолайлы логистикасы ескеріліп, ШҚО ең қолайлы алаң деп танылды. Әзірге жобаны одан әрі пысықтайтын негізгі өңір ретінде Шығыс Қазақстан қарастырылып отыр. Алматы облысы резервтік нұсқа болып қалады.
Ким Чон Хванның айтуынша, компания жобаны шамамен екі жыл бұрын қолға алған және Қазақстанда жұмыс істеу тәжірибесі бар.
– Жобаның өзін 1,5-2 жыл бұрын қолға алдық, өйткені компания бұған дейін де Қазақстанда жұмыс істеген, – деді YPP Corporation президенті.
Оның сөзінше, жоба бойынша кездесу сол кездегі ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен өткен. Үкімет пен салалық министрліктердің ұсынымдарынан кейін компания Шығыс Қазақстан логистикасы мен ресурстық базасы жағынан жобаны жүзеге асыруға қолайлы деген қорытындыға келген.
Инвестор өкілдері алдын ала белгіленген орындарды зерттеп үлгерген. Құжаттар салалық министрліктерге жолданды. Тараптар жұмыс келісімін де пысықтап жатыр.
– Меморандумдарға екі ел Президенттерінің қатысуымен қол қоюды жоспарлап отырмыз, – деді Ким Чон Хван.
Алдын ала есеп бойынша электр станциялары жыл сайын шамамен 4 850 ГВт·сағ энергия өндіре алады.
Сутегі мен аммиак өндіруге 2 760 ГВт·сағ қажет болады. Қалған шамамен 2 100 ГВт·сағ энергияны компания электр энергиясын сатып алу шарты бойынша Қазақстан нарығында сатуды жоспарлап отыр.
Жасыл сутегі мен аммиакты Кореяға, Еуропаға және Азияның басқа елдеріне жеткізу көзделген. Аммиакты теміржол арқылы Қытай мен Ресей порттарына апарып, одан әрі теңіз көлігімен жөнелту жоспарланып отыр.
Әзірлеушілердің болжамынша, Қазақстан аумағында жыл сайын өндірілетін электр энергиясы, сутегі мен аммиактың жалпы құны 850 млн долларды құрайды. Күтілетін экспорттық түсім 240 млн долларға бағаланған.
Жобалау және құрылыс кезеңінде жоба жылына шамамен 8 000 жұмыс орнын ашуы мүмкін. Кешен іске қосылғаннан кейін кәсіпорында шамамен 1 000 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Көміртегі шығарындылары жылына 3,5 млн тоннаға қысқаруы мүмкін.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін 2026 жылғы шілдеде аяқтау жоспарланған. Тараптар инвестициялық келісімге 2026 жылдың төртінші тоқсанында қол қойып, негізгі келісімшарттарды 2027 жылдың төртінші тоқсанында жасасуды көздеп отыр. Құрылыс 2028 жылдың бірінші тоқсанында басталуы мүмкін. Жұмыстарды аяқтап, кешенді 2030 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Жобаның есептік пайдалану мерзімі 20 жылды құрайды.
Әзірге тараптар алаңды, жобаның параметрлері мен құжаттарды талқылап жатыр. Сондықтан кешен міндетті түрде салынады деуге әлі ерте. Жоба техникалық-экономикалық негіздемеден, келісу рәсімдерінен және инвестициялық келісімшарттар жасасу кезеңінен өтуі тиіс.

