Өскеменде «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, өңірдегі ардагерлер ұйымдары мен мемлекеттік органдардың басшылары және өкілдері қатысты. Жиында ардагерлер қауымдастығының Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» реформаларын іске асыруға қосып отырған үлесі талқыланды.
Отырысты ашқан Нұрымбет Сақтағанов ардагерлер өңірдегі маңызды қоғамдық күштің бірі болып қала беретінін атап өтті.
– Ардагерлер – елдің берекесі мен бірлігін, ұрпақтар сабақтастығы мен даналықты жалғайтын алтын көпір. Сіздердің өмірлік ұстанымдарыңыз, қажырлы еңбектеріңіз бен өнегелі жолдарыңыз өскелең ұрпақ үшін әрдайым үлгі, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер ұйымы 130 мыңнан астам адамды біріктіреді. Облыстың қалалары мен аудандарында 500-ге жуық бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олар қоғамдық өмірге, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, қайырымдылық және әлеуметтік жобаларға белсенді қатысады.
– Ардагерлер ұйымының орталық басшылығы өкілдерін қабылдау біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және алдағы бірлескен жұмыстың бағыттарын айқындауға жақсы мүмкіндік, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Әкім облыс басшылығы ардагерлер қауымдастығымен тұрақты байланыс орнатып, маңызды мәселелерді талқылау кезінде олардың пікірін ескеретінін айтты.
– Біз ардагерлер қауымдастығымен үнемі кездесіп, пікір алмасып, ақылдасып отырамыз. Өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды мәселелер бойынша олардың өмірлік тәжірибесі мен парасатты кеңестеріне әрдайым сүйенеміз, – деді өңір басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов аға буын өкілдерін қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында 175 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Онда зейнеткерлер дене шынықтырумен айналысады, спорттық, би және шығармашылық үйірмелерге қатысады, жаңа білім алып, белсенді өмір салтын ұстанады.
– Облыс әкімдігі алдағы уақытта да ардагерлер қауымдастығының бастамаларын қолдап, қоғамдық бірлестіктермен өзара байланысты нығайтады. Аға буын өкілдерінің өмір сапасын жақсартуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға жағдай жасайды, – деді облыс әкімі.
Кездесудің негізгі тақырыбы «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының таныстырылымы болды. Бағдарлама жастарды тәрбиелеуде отбасы мен аға буынның рөлін арттыруға бағытталған жеті басым бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт үлкендерді құрметтеуге арналған. Жоба авторлары жеті ата шежіресін білу дәстүрін қайта жаңғыртуды, сондай-ақ білім алу, мамандық таңдау немесе көшіп-қонуға қатысты маңызды отбасылық шешімдерді талқылауға ардагерлерді жиі тартуды ұсынды.
Екінші бағыт кітап оқуды насихаттауға арналған. Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасы аясында отбасылық «Алтын уақыт – кітаппен бірге» сағаттарын өткізу, сондай-ақ ардагерлердің үй кітапханаларындағы кітаптарды балалар мен жастар арасында алмастыру ұсынылды.
Үшінші бағыт тарихи тәрбиеге қатысты. Аға буынның әңгімелері, Алтын Орда туралы эпостар мен аңыздар арқылы жастарға қазақ мемлекеттілігінің тарихын, бірлік құндылығы мен ел алдындағы жауапкершілікті түсіндіру көзделген.
Бағдарламаның жеке бөлімі отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Ардагерлер көпбалалы отбасылар мен алтын және күміс тойларын атап өткен ерлі-зайыптылардың қатысуымен «Үлгілі отбасы – елдің тірегі» кездесулерін өткізуді ұсынды. Сонымен қатар отбасылық кеңес беру орталықтарының жұмысында аға буынның тәжірибесін белсендірек пайдалану қажет деп есептейді.
Тағы бір бағыт дәстүрлі дін мен ұлттық бірегейлікке арналған. Жоба аясында ардагерлер жастарға қазақтың салт-дәстүрлері мен исламның рухани құндылықтарының сабақтастығы туралы айтып, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Абылай хан және «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің мұрасымен таныстырады.
Бағдарлама авторлары адал азамат тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. Олардың пікірінше, табиғатты сүю, үнемшілдік, еңбекті құрметтеу және жасампаз патриотизм ең алдымен отбасында, ата-әжелердің жеке үлгісі арқылы қалыптасуы керек.
Соңғы бағыт құмар ойынға тәуелділіктің алдын алуға арналған. Ардагерлерге «Адал еңбек» тақырыбында отбасылық кездесулер өткізу, жастарға еңбектің құндылығын түсіндіру және ойынға тәуелділікке тап болған туыстарына мәселе ауыр салдарға жеткізбей тұрып көмектесу ұсынылды.
Сонымен қатар ардагерлер ұйымының өкілдері Air Astana әуе компаниясымен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Тараптар ардагерлерге ұшаққа бірінші болып отыру құқығын беру және ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін талқылап жатыр.
Қазірдің өзінде 60 жастан асқан жолаушылар үшін 50%-ға дейін жеңілдік беретін арнайы тариф қолданылады. Алайда билеттерді сапардан 3-4 ай бұрын сатып алу қажет. Жыл сайын бұл тарифті шамамен 7 мың жолаушы пайдаланады.

