Астанада Қазақстандағы қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығы мен трансплантологияның дамуына арналған «4739» қысқаметражды деректі фильмінің тұсаукесері өтті.
Фильм атауындағы сан афишаға әдемі көріну үшін алынбаған. 2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша трансплантацияны күту парағында 4 739 пациент тұр. Олардың 125-і – бала. Көпшілігі үшін ағза трансплантациясы өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болып отыр.
Тұсаукесерге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, белгілі дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, медицина қауымдастығының өкілдері, реципиенттер мен олардың отбасылары қатысты.
Фильмде күрделі шешім қабылдауға тура келген пациенттердің, дәрігерлер мен отбасылардың шынайы оқиғалары баяндалады. Картина авторлары тек медицина мәселесін қозғап қоймайды. Туындының негізгі өзегіне мейірімділік, жауапкершілік, өзара көмек және басқа адамға өмір сүруге мүмкіндік беруге дайын болу секілді құндылықтар алынған.
– Жаңа Конституцияда өмір сүру құқығы әр адамның ажырамас әрі одан айырылмайтын құқығы ретінде бекітілген, сондай-ақ азаматтардың денсаулығын қорғау құқығына кепілдік берілген. Бұл нормалар мемлекеттің жауапкершілігін айқындайды: денсаулық сақтау жүйесі адам өмірін сақтау үшін профилактика мен уақтылы диагностикадан бастап, жоғары технологиялық емдеу мен трансплантацияға дейінгі барлық қолжетімді мүмкіндікті пайдалануға тиіс, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, мұндай әлеуметтік жобалар донорлық мәдениетті қалыптастыруға және халықтың хабардарлығын арттыруға көмектеседі. Заманауи операциялық залдар мен білікті дәрігерлердің болуы жеткіліксіз. Қоғамның сенімі және көпшілік өз басына түспейінше айналып өтуге тырысатын тақырыпты сабырмен талқылауға дайындығы да қажет.
– Трансплантологияны тек инфрақұрылым мен медициналық технологияларды жетілдіру арқылы дамыту мүмкін емес. Қоғамның сенімі мен кемелдігі, азаматтардың хабардарлығы және қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың бірден бірнеше адамның өмірін сақтап қала алатынын түсінуі де маңызды. Мұндай фильмдер күрделі тақырыптарды ашық талқылауға көмектеседі, қоғамның донорлық мәселесіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастырады және адам өмірінің аса құнды екенін еске салады, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Соңғы екі жылда Қазақстан трансплантология қызметін дамытуда айтарлықтай ілгеріледі.
2023 жылы елде қайтыс болғаннан кейінгі 49 ықтимал донор анықталса, 2024 жылы олардың саны 86-ға, ал 2025 жылы 186-ға жетті. Соңғы көрсеткіш алдыңғы жылдардағы нәтижеден үш еседен астам жоғары.
2024 жылы дәрігерлер 6 донорлық процесті жүзеге асырса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 18-ге жетті. Соның арқасында мамандар өмірлік маңызы бар ағзаларды трансплантациялау бойынша 68 операция жасады.
Соңғы бес жылда Қазақстанда 1 500-ге жуық ағза трансплантациясы жасалды. Әрбір төртінші операция 2025 жылға тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде дәрігерлер бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясы бойынша 310 операция өткізді.
Балалар трансплантологиясы да жеке бағыт ретінде дамып келеді. 2026 жылы дәрігерлер алғаш рет балаға жүрек трансплантациясын сәтті жасады. Бұл операция елдегі жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуындағы жаңа кезең болды.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда 150 ағза трансплантациясы жасалды. Оның ішінде 108 бүйрек, 31 бауыр, 5 жүрек, 2 өкпе және 4 қасаң қабық трансплантациясы бар.
Тірі донорлардан 121, қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 29 трансплантация жасалды. Олардың қатарына бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және қасаң қабық трансплантациялары кірді.
Биылғы алты айда мамандар қайтыс болғаннан кейінгі 108 ықтимал донорды анықтады. Жеті жағдайда дәрігерлер кейінгі трансплантация үшін бірнеше ағзаны алу рәсімін орындады.
Электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесіне қатысты өз ұстанымын 172 283 азамат білдірді. Оның 16 109-ы келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан.
Сандар жүйеге деген сенімнің біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда донорлық мәдениеті толық қалыптасты деуге әлі ерте. Қоғам бұл тақырыпты қауесетсіз, қорқынышсыз және әдеттегі «маған қатысы жоқ» деген көзқарассыз талқылауды енді ғана бастап келеді.
Күту парағындағы 4 739 пациенттің 4 208-іне бүйрек трансплантациясы қажет. Бауыр ауыстыруды 293, жүрек трансплантациясын 208, өкпе трансплантациясын 30, ал «жүрек–өкпе» кешенін ауыстыруды 5 пациент күтіп отыр.
Бүгінде Қазақстандағы трансплантация қызметінің инфрақұрылымы 20 өңірді қамтиды. Елде 40 донорлық ұйым және 11 трансплантация орталығы жұмыс істейді.
Соңғы екі жылда 500-ге жуық медицина маманы даярлықтан өтті. Елде халықаралық клиникалық тәжірибелерді енгізу және трансплантациялық көмектің ұйымдастырушылық моделін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Донорлық мәдениетті қалыптастыру тек мемлекет пен дәрігерлерге байланысты емес. Бұл үдеріске азаматтық қоғам институттары, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтардың өздері де қатысады.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы ашық әңгіме адамдарға саналы шешім қабылдауға көмектеседі. Біреу үшін бұл шешім бір күні деректер базасындағы жай ғана белгі болып қалуы мүмкін. Ал басқа адам үшін операцияға дейін жетіп, өмірін жалғастырудың жалғыз мүмкіндігіне айналады.

