Облыс активінің отырысында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындаған негізгі міндеттер қаралды. Президент 2025 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын жасап, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылым мен энергетиканы дамыту, цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу, ядролық кластер қалыптастыру, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, салық-бюджет саясатын реформалау және сапалы инвестициялар тарту бағыттарын басымдық ретінде белгіледі.
Шығыс Қазақстан облысы жылды оң көрсеткіштермен қорытындылады. Бұған дейін хабарланғандай, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 838,1 млрд теңгені (105,2%) құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 458,8 млрд теңге (109,3%), ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 554,6 млрд теңге (102%). 29 мың жаңа жұмыс орны құрылып, орташа айлық жалақы 9,5 пайызға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыздан аспайды.
Сонымен қатар инфляцияны тежеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 1 ақпандағы жағдай бойынша өңірде инфляция деңгейі 12 пайызды құрады, бұл республикалық орташа көрсеткіштен (12,2%) төмен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына бақылау күшейтіліп, дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жергілікті өндірушілерге қолдау көрсетіліп келеді.
Облыстық бюджеттің 60 пайыздан астамы әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге бағытталған. 1 мамырға дейін шығыстардың тиімділігін арттыру мақсатында бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізіледі.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі де белсенді қолданылуда. Өңірде жалпы құны 12,4 млрд теңгені құрайтын 45 МЖӘ жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ 10 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тарту арқылы тағы 7 жобаны іске қосу жоспарланған.
«Әр тапсырма қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс. Сіздерден нақты нәтиже, тәртіп және жеке жауапкершілік талап етіледі», – деп атап өтті облыс әкімі.
Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі облыстық жоспар 25 ақпанға дейін әзірленіп, бекітуге ұсынылады.
