Өскемен қаласында 71 жастағы қарт кісі үйінен шығып кетіп, сол күйі қайта оралмаған. Бірнеше сағат өткен соң немересі полицияға хабарласып, әжесінің жоғалғаны туралы айтқан. Бұған дейін туыстары әжені өз беттерінше іздеп көргенімен одан еш нәтиже болмаған.
— Хабар келіп түскен бойда полицейлер жедел-іздестіру шараларына кіріскен. Іздеуге камера орнатылған дронды да тартылды. Дрон операторы жерді әуеден шолып, патрульдік топтарға нақты координаттарды жеткізіп отырды, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Түнгі сағат бір кезінде зейнеткер қалың шөп арасына кіріп кеткен жерінен табылды. Белгілі болғандай, ол ұзақ уақыт бойы адасып жүріп, үйге қайтар жолды таба алмай қалған. Қазіргі уақытта әже үйіне аман-есен жеткізілді.