Шығыс Қазақстан облысында полиция дүкеннен ұрлық жасады деген күдікпен үш ер адамды анықтады. Келтірілген шығын көлемі – 120 мың теңге.
Тергеу мәліметінше, ер адамдар бірігіп әрекет еткен. Олар сатушының алаңдағанын пайдаланып, төсек-орын жиынтықтары мен бес құты антиперспирантты қолды қылған. Кейін ұрланған тауарды базарда сатып, пайда таппақ болған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер үшеуінің де жеке басын анықтады. Күдіктілер Глубокое ауданының тұрғындары болып шықты.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылды.
Полиция тұрғындарды жеке мүлкіне сақ болуға, ал кәсіпкерлерді тауар мен сауда орындарын бақылауда ұстауға шақырады. Ұрлық, күмәнді әрекеттер немесе ықтимал құқық бұзушылық туралы дереу 102 нөміріне хабарлау қажет. Уақытылы түскен хабарлама жедел шара қабылдап, оқиғаның мән-жайын тез анықтауға мүмкіндік береді.

