Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында полиция тоғыз шетел азаматы мен бір Қазақстан азаматының заңсыз аңшылыққа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Бұған «Охотзоопром» инспекторларының мессенджерлерден анықтаған бейнежазбалары негіз болған.
27 қазанда инспекторлар заңсыз аңшылық белгілері болуы мүмкін бейнематериалдарды анықтады. Көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне қарап, олардың Шығыс Қазақстан облысында тіркелгені болжанған.
Қосымша мәліметтерді жинау барысында «Охотзоопром» қызметкерлері аталған көліктердің Зайсан қаласында болуы мүмкін екенін анықтап, бұл туралы табиғат қорғау полициясына хабарлады.
Сол күні сағат 22:10 шамасында «Охотзоопром» инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейнежазбаларға қатысы болуы ықтимал үш жол талғамайтын көлікті тоқтатқан. Тексеру үшін он адам ұсталды.
28 қазанда аталған дерек белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазіргі уақытта құзырлы органдар ұсталған азаматтардың заңсыз аңшылыққа қатысы бар-жоғын анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр.

