Президент Жолдауы: ШҚО-да инфрақұрылым жаңғырып, экономиканы дамытудың жаңа мүмкіндіктері ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдағы даму кезеңіне арналған стратегиялық міндеттерді айқындады. Инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистика жүйесін дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және кәсіпкерлікті қолдау — Жолдауда көтерілген негізгі бағыттардың қатарында болды. Бұл міндеттер Шығыс Қазақстан облысы үшін аса маңызды.

Президент елдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып отыр. Осы мақсатта 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынылды. Алдағы кезеңде еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Олардың қатарында автокөлік жолдары, әуежайлар, вокзалдар, медициналық мекемелер, білім беру ұйымдары, спорт кешендері және мәдениет нысандары бар.

ШҚО-да құрылыс саласы тұрақты дамып келеді. Жыл басынан бері 216 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8%-ға артық. 2026 жылы облыста жалпы ауданы 961,1 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін өңірде 39 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Оның 28-і Өскемен қаласында, екеуі Зайсанда, қалғандары Алтай, Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарында салынып жатыр. Сонымен қатар «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 401 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде өңірде алты нысан пайдалануға берілді. Оның 1-і білім, 5-і денсаулық сақтау саласындағы нысандар. Бұдан бөлек, биыл Өскеменде волейбол орталығының және 400 орындық тергеу изоляторының, Зайсан ауданының Сарытерек ауылында спорт модулінің құрылысы басталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінбек. Бұл бастама аймақтардың даму қарқынын жеделдетуге, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Шығыс Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту, елді мекендердің қолжетімділігін арттыру және туристік бағыттарды кеңейту маңызды міндеттердің бірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, өңірдің екі ауданында салынып жатқан әуежайлардың маңызы зор.

Мемлекет басшысы Жолдауда авиациялық инфрақұрылымды дамытуға тоқталып, Зайсан мен Катонқарағайдағы әуежайларды жақын уақытта пайдалануға беру жоспарланып отырғанын атап өтті. Президент авиация саласын дамытумен қатар, көлік жүйесін толық цифрландыру қажеттігін де тілге тиек етті. Халықаралық бағыттардағы тасымалды заманауи технологиялар арқылы басқару, құжат айналымын электрондық форматқа көшіру және транзиттік ағындарды тиімді үйлестіру Қазақстанның Еуразиядағы маңызды көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Жол инфрақұрылымының сапасы да Жолдауда көтерілген маңызды мәселелердің бірі болды. Мемлекет басшысы автокөлік жолдарының құрылысы мен сапасына қатысты жауапкершілікті нақтылап, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардағы жұмыстарды Үкімет деңгейінде бақылауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жол құрылысы кезінде сапа талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, жауапкершілікті бір органнан екіншісіне аудару тәжірибесін сынға алды. Сондай-ақ келесі жылы барлық автокөлік өткізу пункттерін сапалы жаңғыртуды аяқтау міндетін белгіледі.

Шығыс Қазақстан үшін жолдардың сапасы облыс орталығы мен аудандар арасындағы байланысты қамтамасыз етуде, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауда және туристік бағыттарды дамытуда ерекше рөл атқарады. Сондықтан жол желісін жаңғырту, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және инфрақұрылым нысандарының сапасын бақылау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Биыл облыс бойынша 630 шақырым жол жөндеу жоспарланған. Жуырда республикалық маңызы бар Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары жолының 437-450 шақырым аралығындағы учаскесі пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде Рахман қайнарлары шипажайына жету жеңілдей түсті.

Президент ел экономикасының тұрақты дамуы үшін энергетикалық инфрақұрылымды нығайту қажеттігін жеткізді. Қазақстанда жыл сайын 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілетініне қарамастан, өнеркәсіптің өсуі, құрылыс саласының дамуы және экономиканы цифрландыру электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіруде тұрақты профицитке қол жеткізу міндетін қойды. Ол үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңғырту, электр беру желілерін дамыту және жаңартылатын энергия көздеріне, соның ішінде күн энергетикасына басымдық беру қажет. Биыл облыс орталығында Өскемен ЖЭО-ны кеңейтуге бағытталған, құны 140 млрд теңгені құрайтын үш жылдық жобаны іске асыру басталды. Соның аясында электр қуаты 100 МВт болатын турбоагрегат пен жылу қуаты сағатына 130 Гкал болатын қазандық агрегатын орнату көзделген. Жаңа қуат көздері қаланың жылуға деген қажеттілігін өтеуге және жаңадан салынған нысандарды жылу желілеріне қосуға мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін ескерсек, энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігі өңір экономикасы үшін айрықша маңызды. Өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі, жаңа жобалардың іске қосылуы және инвестициялық белсенділіктің артуы жеткілікті энергетикалық қуатқа тікелей байланысты.

Сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Президент бюджет қаражатын жоспарлау мен басқаруда жасанды интеллект құралдарын пайдалануды, орынсыз шығындардың алдын алуды тапсырды. Бұл бағыттар мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға, шешім қабылдау сапасын жақсартуға және бюджет қаражатының нәтижелі жұмсалуын қамтамасыз етуге негіз болады.

Жолдауда цифрлық жұмыспен қамтуды кеңейту жайлы да айтылды. Бұл ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындарына қашықтан жұмыс істеуге, электронды сауда арқылы өнімдерін өткізуге және өз елді мекенінен тыс жерлерде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұны іске асыру үшін сапалы интернет, қолжетімді оқыту және кәсіп жүргізуге қолайлы жағдай қажет. Шығыс Қазақстандағы 349 елді мекеннің 307-сі интернетке қосылған. Бұл аймақ халқының 99 пайызына тең. Халқы аз әрі шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті жердің ерекшеліктері ескеріліп, жеке техникалық шешімдер қарастырылуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталды. Жоба бойынша облыстың 204 елді мекенін жоғары жылдамдықты интернетке қосу көзделген. Байланыс операторларымен бірлесіп, мобильді желі қамтымайтын аумақтарды жою жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Облыс үшін жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығында қолдану да әлеуеті зор бағыт саналады. Өңірде бұл бағытты дамытуға қажетті технологиялық негіз қалыптасып келеді. Қазіргі таңда егіс алқаптарының 40 пайыздан астамында дәлме-дәл егіншілік технологиялары қолданылады. Шаруашылықтар спутниктік навигацияны, егістіктерді бақылау құралдарын және өндірісті басқарудың цифрлық жүйелерін пайдаланады. Өскемен құс фабрикасының бройлер өсіретін алаңдарында микроклиматты автоматты басқару және қашықтан бақылау жүйелері жұмыс істейді. Жинақталған деректер алдағы уақытта жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өнімділікті болжау, егін шығымын бағалау және өндірістік тәуекелдерді ерте анықтау бағыттарын дамытуға негіз болады. Жолдауда белгіленген міндеттерге сәйкес, мұндай технологияларды енгізудегі басты мақсат — ресурстарды үнемдеу, шығындарды азайту және шаруашылықтардың тиімділігін арттыру.

Шығыс Қазақстанда жастардың кәсіби дамуына және технологиялық идеяларын жүзеге асыруына да жағдай жасалуда. Tomorrow School және Oskemen Hub орталықтары сұранысқа ие цифрлық дағдыларды меңгеруге, жеке жобаларын әзірлеуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік бермек. Мұнда жастар команда құрып, жобаларын дамытуға қолдау алып, бизнес пен мемлекеттік органдардың нақты міндеттеріне арналған шешімдер әзірлей алады.

Жолдауда ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыруға, өнімді терең өңдеуге және еңбек өнімділігін көтеруге де ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында жүзеге асырылып жатқан табысты жобаларды атап өтіп, осындай тәжірибелерді кеңінен тарату қажеттігін айтты. Сондай-ақ мал шаруашылығында заманауи тәсілдерді қолдануға, тауарлы-сүт фермаларын дамытуға және ет кластерлерін құруға назар аударды. Шығыс Қазақстан үшін бұл бағыт ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жергілікті өнімнің қосылған құнын көбейтуге және ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Шикізатты бастапқы күйінде сатумен шектелмей, оны өңдеу кәсіпорындарын дамыту өнімнің нарықтағы құнын арттырып, жергілікті экономиканың тұрақтылығын нығайтады. Өндірістік тізбекті кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және инвестиция тарту ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен озық тәжірибелерді енгізу маңызды рөл атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды азайту және кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі түсінікті ережелер қалыптастыру қажеттігін де айтты. Жолдауда жаңа Салық кодексін қолдану барысында туындаған мәселелерді зерделеп, қайшылықтарды жою, нормалардың екіұшты түсіндірілуіне жол бермеу және кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту міндеті қойылды. Сонымен қатар микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылау ұсынылды.

Президенттің айтуынша, бизнеске негізсіз кедергі жасауға жол бермеу, әділ бәсекені қамтамасыз ету және отандық өндірушілерді қолдау ұлттық экономиканың дербестігін нығайту үшін маңызды. Шағын және орта кәсіпкерлік өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың табысын өсіруге ықпал етеді. Сондықтан кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру, инвестициялық жобаларды іске асыруға жағдай жасау және жергілікті өндірісті дамыту өңірлік саясаттың маңызды бағыттары болып қала береді.

Жолдауда белгіленген бастамалардың түпкі мақсаты — экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру және халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл міндеттерді жүйелі жүзеге асыру өңірлердің әлеуетін ашып, Шығыс Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына негіз болмақ.

Новые статьи

В ВКО за управление автомобилем в состоянии опьянения задержали девять водителей

В Восточно-Казахстанской области продолжаются рейды по выявлению грубых нарушений правил дорожного движения. Сотрудники патрульной полиции проводят мероприятия в рамках проекта «Безопасный путь» и оперативно-профилактического...

Казахстан предлагает продлить запрет на вывоз сжиженного газа еще на полгода

Министерство энергетики Казахстана разработало проект приказа о продлении запрета на вывоз сжиженного нефтяного газа за пределы страны. Согласно документу, с 14 ноября 2026 года предлагается...

Казахстан и Китай обменялись опытом цифровизации статистики

В Бюро национальной статистики АСПиР РК состоялась встреча с делегацией Национального бюро статистики Китая. Казахстанская сторона познакомила коллег с цифровыми системами, которые использует в...

В ВКО предупредили о мошенничестве при продаже зимних шин в интернете

В Восточно-Казахстанской области перед началом зимнего сезона активизировались интернет-мошенники, которые предлагают автомобильные шины по подозрительно низким ценам, а после получения предоплаты перестают выходить на...