Шығыс Қазақстанда ерлі-зайыптылар көліктің дөңгелегі зақымданғандықтан, бірнеше сағат бойы сапарын жалғастыра алмады. Оларға патрульдік полиция экипажы көмектесті.
Өскемен – Самар автожолының 27-шақырымында полицейлер жол жиегінде дөңгелегі тесілген көлікті байқады. Олар тоқтап, жүргізушіге көмек ұсынды.
Шинаның бүйірі тілініп қалған. Ер адам дөңгелекті өздігінен ауыстыра алмай, жұбайымен бірге тасжолда бірнеше сағат өткізген.
Полицейлер Санжар Аскербеков пен Саят Газезов зақымданған дөңгелекті ауыстыруға көмектесті. Ерлі-зайыптылар сапарын жалғастырды. Жүргізуші полиция қызметкерлеріне жанашырлық танытып, дер кезінде көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

