Бұл жұмысшы 5 мамыр күні болған жарылыс кезінде омыртқасынан ауыр жарақат алған. Оны Өскеменнен елордаға жеткізу үшін санитарлық авиация тартылған.
Бүгін науқасқа ота жасалды.
— Таңертең ота жасалып, омыртқасына металл бекіткіш орнатылды. Жалпы жағдайы жақсы. Дәрігерлермен тұрақты байланыстамыз, — деді «Казцинк» ЖШС басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта зардап шеккен адамның өміріне қауіп жоқ.
— Мамандандырылған медициналық көмектің деңгейі елордада жоғары. Сондықтан санитарлық авиациямен бірлесіп, науқасты Астанаға жеткізуді ұйымдастырдық, — деді ол.
Дәрігерлер әзірге науқастың толық қалпына келуіне қатысты нақты болжам жасай алмай отыр. Қазіргі уақытта мамандар оның жағдайын тұрақтандыру және алдағы оңалту шараларын жүргізу үшін барлық қажетті көмекті көрсетуде.

