Бұл құжат экологиялық таза энергия көздерін орналастыруға ең тиімді орындарды анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы облыс аумағында мұндай станциялар салуға келетін 95 учаске бар.
— Олардың жиынтық қуаты шамамен 2 гигаваттқа жетуі мүмкін. Есептеулердің негізіне өзендердің су ресурстары мен гидрологиялық құрылымының талдауы алынды. Қазақстандағы су ресурстарының 40 пайыздан астамы дәл осы Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Бұл шағын гидроэнергетиканы дамытуға қолайлы жағдай туғызады, — деп хабарлады ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасынан.
Өңір әлі де энергия тапшылығын сезініп келеді. 2024 жылы облыста өндірілген 4,8 млрд кВт/сағ электр энергиясы қажеттілікті толық жаба алмады. Шағын су электр станциялары тек тапшылықты төмендетіп қана қоймай, дәстүрлі қуат көздеріне түсетін жүктемені азайтып, ауылдарды тұрақты электр энергиясымен қамтиды деп күтіліп отыр.
— Бұл жоба тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыда да әсерін тигізеді. Аудандарда халық электр энергиясына аса мұқтаж. Шағын СЭС-тер «жасыл» энергетиканың үлгісіне айналып, әрі жергілікті жұртқа нақты қолдау болады, — деді облыстық Кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы Исатай Ансат.
Бір станцияның құрылысына шамамен 3-тен 20 млн АҚШ долларына дейін ақша кетеді. Болашақ инвесторлар қыркүйек айында Өскеменде өтетін Altai-Invest халықаралық инвестициялық форумында анықталады деп күтілуде. Аталған форумға жыл сайын Қазақстан мен шетелден бизнес өкілдері мен түрлі сарапшылар келеді.
в ВКО
ШҚО-да шағын су электр станцияларын салуға қолайлы учаскелердің атласы жасалып жатыр
