ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жағажайлардағы қауіпсіздік дрондардың көмегімен бақылауға алынған.
— Күн сайын өңірде құтқарушылар, дәрігерлер, еріктілер мен әскери қызметшілер рейдке шығады. Сол кезде дрондардың көмегімен су жағалауындағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік бар. Кім алысқа жүзіп кетті, кім тыйым салынған жерде шомылып жүр, қай жерде балалар қараусыз қалған – бәрі көрініп тұрады, — делінген ақпаратта.
Сонымен қатар ТЖД қызметкерлері жағажайларда демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін, оқыс оқиғаларда көмек көрсету тәсілдерін және тыйым салынған белгілерді елемеудің салдары қандай болатынын түсіндіріп жүр. Әсіресе ресми жабдықталмаған жағажайларға назар аударылған.
— Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 25 орын бар. Алайда олардың тек сегізі ғана толық жабдықталған. 74 учаскеде шомылуға тыйым салынған, ал 29-ында шағын көлемді кемелердің қозғалысына шектеу қойылған, — дейді департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Даурен Ағажаев.