Өскемен қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, 17 жастағы ұлының жоғалып кеткенін жеткізген. Әйел адамның айтуынша, баласы таңертең колледжге кеткен, Сабақ кестесіне сәйкес, жасөспірім сағат 15:00-де үйде болуы тиіс еді, алайда белгіленген уақытта келмеген. Анасы бірнеше рет телефон шалғанымен, баласының ұялы телефоны сөндірулі болған.
— Жоғалған баланы өз бетінше іздегенімен, нәтижеге болмаған соң анасы көмекке полицияға жүгінген. Полицейлер бірден іздестіру іс-шараларына кірісті. Колледжден үйге дейінгі бағыттағы барлық бейнебақылау камерасы тексеріліп, қаланың түрлі аудандарындағы жазбалар зерделенді. Жиналған деректер негізінде жасөспірімнің қозғалыс хронологиясы жасалды, — деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметінен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер жақын маңдағы аумақтарды, иесіз қалған үйлер мен құрылыстарды, жасөспірім болуы мүмкін басқа да орындарды тексерді. Аудан аумағындағы дүкендер де назардан тыс қалмады — солардың біріндегі бейнежазбадан колледж студенті анықталды.
— Кейіннен полйцейлер жасөспірімді саяжай аумағының маңынан тапты. Тәртіп сақшыларына берген түсініктемесінде жасөспірім бірнеше күн бойы сабаққа бармағанын, уақытын компьютерлік ойындарға арнағанын, ата-анасы біліп қоя ма деген қорқынышпен үйге қайтуға батылы бармағанын айтты. Кәмелетке толмаған бала мен ата-анасына профилактикалық әңгіме жүргізіліп, мұндай әрекеттің салдары, оның ішінде жеке қауіпсіздік, күн тәртібін сақтау және заңды өкілдер алдындағы жауапкершілік мәселелері түсіндірілді, — делінген ақпаратта.