Кешелі бері Өскеменде Титан магний комбинаты орналасқан ықшам ауданын түтін тұмшалағаны жайлы видео тарай бастады. Осыған байланысты облыстық штаб құрылып, сол жерде жұмыс істеп жатыр. Мәселе ШҚО әкімдігінің бақылауына алынған.
— Мамандар барлығы 8 жерден 144 ауа сынамасын алды. Сынамаларға 18 түрлі зат бойынша сараптама жасалды. Олардың ішінде хлор, тұз қышқылы, күкірт диоксиді, формальдегид, аммиак, қорғасын секілді зиянды элементтер болды. Сағат 21:44-ке дейін жүргізілген зерттеу нәтижесінде, бірде-бір заттың шекті мөлшерден аспағаны анықталды. Бұл мәліметтер облыстық Экология департаментіне жолданды, — деп хабарлады ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Айта кетейік, бүгін сол аудандағы барлық мектептің бірінші ауысымдағы 1-11 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.