Тәртіп сақшысына ҚР ҚК-нің 416-бабы 2-бөлігіне қатысты қылмыстық іс қаралған.
«Анықталғандай, Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы болып жұмыс істеген айыпталушы өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, 2023 жылдың 20 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында жалған хаттамалар толтырып келген. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйде жүру туралы 2, қоғамдық орында тиісу туралы 1 хаттама толтырған», — делінген қалалық №2 соты баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Осылай қызметтік көрсеткішін жақсартуды көздеген полицей сот барысында өз кінәсін толықтай мойындады.
«Сот шешімімен 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылған сотталушы 400 АЕК (1 380 000 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», — делінген хабарламада.