Құтқарушылар жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторын жиі аралап, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын тексеруде. Осы уақытқа дейін пеш жағып отырған 57 мыңнан астам үйге бақылау жасалды.
Әсіресе көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын үйлерге баса назар аударылды. Құтқарушылар пешті және бітелген мұржаны қалай тазалау керектігін түсіндірді.
«Үйлерді аралау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптар бұзудың 16 мыңнан астам фактісі анықталды. Оның ішінде 7145-і — пешке байланысты, 6311-і электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға қатысты, ал 2987-і басқа бұзушылықтар. ТЖД қызметкерлерінің ұсынымдарымен тұрғындар 13090 бұзушылықты сол жерде жойды», — деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, облыста көпбалалы отбасылардың және қарттардың үйлерінде улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып жатыр. Соңғы бірнеше жылда уақтылы іске қосылған осы құрылғылардың арқасында 42 адам құтқарылған.