Полицияға хабарласқан қала тұрғыны өткен жылдың желтоқсан айында алаяқтың құрбаны болғанын айтты.
Белгілі болғандай, бейтаныс әйел оған пәтерге ипотекалық несие рәсімдеуге көмектесемін деп сендірген. Сөйтіп 490 000 теңге сұраған. Жәбірленуші аталған соманы алаяқтың банк шотына аударған, алайда уәде етілген көмек те, ақша да сол күйі қайтарылмады.
Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
— Осы ретте, азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Қандай жағдай болмасын, бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыздар. Қаржылық мәселелер бойынша көмек ұсынатындардың лицензиялары мен құжаттарын мұқият тексеріңіздер!, — деп ескертті ШҚО ПД баспасөз қызметінен.