Өскемен әуежайында Ташкент қаласында өткен World Kyokushin халықаралық фестивалінде жоғары нәтиже көрсеткен жас спортшыларды салтанатты түрде қарсы алды. 7-8 қараша күндері өткен дүбірлі додаға он елден 800-ден астам спортшы қатысты. Шығыс Қазақстан облысының намысын 11 спортшыдан құралған команда қорғады.
Жас каратистер жарыс қорытындысы бойынша алтын, күміс және қола медальдарға қол жеткізді. Shinkyokushinkai карате бағытының жаттықтырушысы Илья Яковлевтің айтуынша, турнир тартысқа толы өтіп, қатысушылардан жоғары дайындық пен төзімділікті талап еткен.
«Бұл — әлемдік деңгейдегі турнир. Жарыс күндері өте қарбалас өтті. Жекпе-жектер де оңай болған жоқ. Таңертеңнен кешке дейін спорт залында жүрдік. Балалар жарады! Барлығы лайықты өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге жетті. Жеңіспен оралғандарына қуаныштымыз», — деді жаттықтырушы.

