Өскемен қаласында полицейлер құны 2,7 млн теңге болатын зергерлік бұйымдарды ұрлаған адамды құрықтады. Зергерлік салонның сөресінен алтын әшекейлер, оның ішінде бриллианттары бар бұйымдар қойылған тіреуіш қолды болған.
Дүкен иесінің арызынан кейін полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті сатушының жоқтығын және сөреге еркін қол жеткізуге болатынын пайдаланып, қымбат әшекейлерді қолды еткен.
— Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер 25 жастағы қала тұрғынын ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол ұрланған әшекейлердің бір бөлігін ломбардқа өткізіп үлгерген. Қалған бұйымдар тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.

