Әлем бойынша 15 пен 24 жас аралығындағы жастардың 80 пайыздан астамы интернетте уақыт өткізеді. Табысы төмен елдерде желі қолданушыларының ең үлкен тобын дәл осы жастар құрайды. Алайда ақпаратқа қол жеткізумен бірге олар цифрлық келеңсіздіктердің толық жиынтығына – жалған ақпаратқа, онлайн-қудалауға, бақылауға, айла-шарғыға және жасанды интеллектке байланысты қауіптерге тап болады.
БҰҰ ақпараттық ортадағы дағдарыстың негізгі ауыртпалығы жас ұрпаққа түсіп отырғанын ескертті. 12 тамызда аталып өтетін Халықаралық жастар күні қарсаңында жарияланған жаңа талдамалық жазбада ұйым елдерді, технологиялық компанияларды, жарнама берушілерді, БАҚ пен зерттеушілерді балаларды қорғауды басты басымдықтардың біріне айналдыруға шақырды.
БҰҰ мәселені жастардың өзін қатыстырмай шешуді мағынасыз деп санайды. Балалар мен жастар заңдар әзірлеуге, зерттеулер жүргізуге және цифрлық орта ережелерін талқылауға қатысуы керек. Олар дайын шешімдер туралы бәрі қабылданып болғаннан кейін ғана естімеуі тиіс.
Шілде айында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «ЖИ саласындағы балалар қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық міндеттемені» қабылдауды ұсынды. Ол қарқынды дамып жатқан технологияларды сынақтан өтпеген дәрі-дәрмекпен салыстырып, оларды енгізуге бақылауды күшейтуді талап етті.
– Бірде-бір бала реттелмейтін ЖИ үшін тәжірибе нысанына айналмауы керек… Бала зардап шеккенде, «мұның бәрі алгоритмнің кесірі» деген жауап ешқашан айтылмауы тиіс, – деді Антониу Гутерриш шілде айында ЖИ-ді басқару мәселелері жөніндегі алғашқы Жаһандық диалогта.
Баяндама авторлары интернеттегі қауіптерді кездейсоқ жағдай немесе технологиялық прогресс үшін төленетін амалсыз ақы деп қабылдауға болмайтынын атап өтті. Бұл қауіптер қолданушылардың назары мен жеке деректерінен пайда табатын бизнес-модельдердің, сондай-ақ цифрлық платформалардың дизайнына әу бастан енгізілген шешімдердің салдарынан туындаған.
Әдеттері, тұлғалық болмысы мен әлеуметтік байланыстары әлі қалыптасып жатқан балалар әсіресе осал. Алгоритмдер тәуелділік тудыруы мүмкін, ал «лутбокстар» мен басқа да цифрлық қулықтар қолданушыларды платформаға қайта-қайта оралуға итермелейді. Мұндай жағдайда интернет пайдалы құрал емес, қолданушыдан үнемі тағы бір минут назар мен азын-аулақ ақша сұрай беретін автоматқа айналады.
Жасанды интеллектінің жылдам дамуы жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Реттеу тетіктері технологияның соңынан ілесе алмайды, ал бұрыннан бар қауіптер күшейіп барады. Әңгіме дипфейктер, жасанды түрде жасалған контент және ЖИ қолдану арқылы қанау туралы болып отыр.
Баяндамада қолданушылардың интернеттегі шығынын көбейту үшін жасалған жасырын жарнама технологиялары да бөлек аталған.
Балалар мен жастар цифрлық қауіптердің ықтимал құрбандары ғана емес. Олар контент жасайды, адам құқықтарын қорғайды және жастар қозғалыстарын ұйымдастырады.
Алайда осындай қозғалыстардың дамуына көмектесетін платформалардың өзі олардың көшбасшыларын кибербуллинг пен бақылаудың нысанына айналдырады. Мұндай жағдайға әсіресе қыздар, азшылық өкілдері мен белсенділер жиі тап болады.
– Балалар мен жастар бүгінгі ақпараттық дағдарыстан ең көп зардап шегетіндердің қатарында. Сонымен бірге олар бұл мәселені шешуге барынша көмектесе алатын топтардың бірі, – деді БҰҰ-ның ақпараттық тұтастық мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Шарлотта Скэддан. – Жастарды қорғау мен оларды диалогке тарту бір-біріне қайшы мақсаттар емес. Біз екеуін де қатар атқаруымыз керек.
Үкіметтер мен қоғамдық ұйымдар адам назарын еріксіз ұстап тұратын дизайн, нысаналы жарнама, контентті модерациялау және құпиялық туралы заңдарды әзірлеу кезінде балалардың қауіпсіздігін жиі талқылай бастады. Алайда ЖИ кең тараған сайын жаңа стандарттарға бала құқықтарын енгізуге берілген уақыт азайып барады.
БҰҰ мынадай шараларды ұсынады:
– елдер заңнамалық негіз қалыптастыруы керек;
– технологиялық компаниялар балаларды қорғаудың кіріктірілген тетіктерін енгізуі тиіс;
– жарнама берушілер баланың құқығын пайдадан жоғары қоюы қажет;
– БАҚ жас аудиторияға сапалы контент әзірлеуі керек;
– мамандар, әсіресе Жаһандық Оңтүстік елдеріндегі деректер олқылығын жоюы тиіс.
БҰҰ Жаһандық диалог және ЖИ жөніндегі Тәуелсіз халықаралық ғылыми топ арқылы жасанды интеллектіні реттеу жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл орган технологияның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін бағалау үшін құрылды.
– Цифрлық технологиялар мен ақпараттық орта дамуын жалғастырған сайын, қазіргі кезең бізге қағидаттарды жариялаудан нақты іс-қимылға көшуге мүмкіндік береді, – делінген баяндамада.

