Қазақстан құрамасы Токиода аяқталған шинкиокушинкай каратэден беделді халықаралық «Чемпиондар чемпионы TOP-9» турнирінде екі медаль жеңіп алды.
Ерлер арасындағы бәсекеде Анджей Кинзерский барлық қарсыласын жеңіп, турнир чемпионы атанды. Жартылай финалда қазақстандық спортшы Литва өкілі Энтас Хаускасты 5:0 есебімен сенімді ұтты.
Шешуші жекпе-жекте Кинзерский Қазақстан құрамасының тағы бір спортшысы Антон Зимаревпен кездесті. Зимарев бұған дейін жартылай финалда Паулюс Зимантасты жеңіп, финалға шыққан еді.
Нәтижесінде алтын медаль Анджей Кинзерскийге, ал күміс жүлде Антон Зимаревке бұйырды. Бұл жекпе-жек жарыс тарихына енді. Турнир тарихында алғаш рет финалда бірден екі шетелдік спортшы кездесті.
Жеңісі үшін Анджей Кинзерский 10 миллион жапон иенасы көлеміндегі бас жүлдені алды. Антон Зимаревке 2 миллион иена табысталды.
Турнирге ерлер арасында әлемнің ең мықты 9 каратэшісі және әйелдер арасында үздік 8 спортшы қатысты.
Өткен жылы Анджей Кинзерский Бүкілжапондық ұлттық чемпионатта да жеңіске жеткен еді. Ол мұндай нәтижеге қол жеткізген тарихтағы алғашқы шетелдік спортшы атанды.

