Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласында волейбол орталығының құрылысы басталған жер учаскесіне барды. Екіқабатты орталықта 2 волейбол залы болады. Оның бірі жарыстар өткізуге, екіншісі дайындық жасауға арналған.
Негізгі залға жалпы саны 200-ге жуық көрермен сыяды. Барлық спорт залдары киім ауыстыру бөлмелерімен, душпен және санитарлық тораптармен толық қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бас мердігер – «DK PROEKT». Аймақ басшысы өз сөзінде құрылыс сапасына баса мән беру керектігін жеткізді.
— Өңір волейболы қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан біз бұл спорт түрімен шұғылданатын жандарды жан-жақты қолдауымыз керек. Жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген облысымыздың «Berel» волейбол клубының өз залы болуы тиіс. Олар халықаралық додаларда үздіктердің қатарынан көрініп, өз жанкүйерлерін қуанта береді деп сенемін, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, волейбол орталығы 2026 жылдың желтоқсан айында салынып бітеді деп жоспарланған.
