Оқиға 18 қаңтар күні Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Соловьёво ауылында болған. Өз үйінің ауласында жүрген Рулан Сейітов Копылов көшесіндегі көршісінің үйінің шатырынан түтін шығып жатқанын байқап, бірден көмекке ұмтылған.
— Үйдің есігін ашуға әрекеттенгенімен, іші қою түтінге толуына байланысты кіру мүмкін болмаған. Осыдан кейін Рулан Сейітов үйді айналып өтіп, сынған терезені көреді. Терезе маңында көмекке мұқтаж екі баланы байқап, оларды түтінге толы үйден алып шығады, — деп хабарлады ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Осы ерлігі үшін Рулан Сейітов ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. Медальды оған Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Әміре табыстады.
Айта кетейік, Рулан Сейітов 14 жылдан бері Соловьёво ауылындағы орта мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
