ШҚО полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары синтетикалық есірткі өндіру үшін мамандандырылған ірі зертхананың қызметін тоқтатты.
— Жедел-іздестіру шаралары барысында зертхананы облыстың 30 жастағы тұрғыны ұйымдастырғаны анықталды. Заңсыз өндіріс Талдықорған қаласының шетіндегі жалға алынған жер үйлердің бірінде құрылған. Химиялық реагенттерді сақтау және есірткі заттарын дайындау үшін қосымша тұрғын үй пайдаланылған. Бұл Шығыс Қазақстан аумағына синтетикалық есірткіні жеткізу мен өткізуге бағытталған қылмыстық арнаның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген, — делінген ақпаратта.
Жедел тінту жұмыстары аясында полицейлер кәсіби зертханалық жабдықтарды, дайын және жартылай фабрикатты есірткі заттарын тапты. Түрлі көлемдегі шыны және пластик ыдыстар, канистрлер, zip-пакеттер, вакуумдық қаптамалар, өткір иісі бар ұнтақ тәріздес және сұйық заттар тәркіленді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, заңсыз айналымнан 8 келіден астам синтетикалық есірткі алынды.
— Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың бір бөлігі — жалпы салмағы 2 келіден асатын «мефедрон» психотроптық заты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.
