Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.
ШҚО-да әлеуметтік сала қарқынды жаңартылуда: жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салынып жатыр, қоғамдық кеңістіктер жаңартылуда, заманауи балалар және спорт алаңдары орнатылуда.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бүгінге дейін 3 мың орындық 7 жаңа заман талабына сай мектеп бой көтерді. Жергілікті бюджет есебінен тағы 3 мектеп (3000 орын) пайдалануға берілді, 7 мектептің (600 орын) құрылысы жалғасуда. Риддер қаласында «Казцинк» ЖШС әлеуметтік серіктестік аясында 600 орындық мектеп салуда.
Кәсіби білім беру дамып келеді: колледждер жаңа бағыттар бойынша мамандар даярлайды — дрон жүйелері, логистика, әуе кемелерін техникалық қызмет көрсету және жөндеу, су көлігі, төтенше жағдайларда қорғау.

