Жер қойнауын пайдалану саласындағы экологиялық жағдай мен мемлекеттік бақылау шаралары туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының м.а. Әсет Сүлейменов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтып өтті.
Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі ең ірі индустриялық аймақтардың бірі, мұнда тау-кен өндірісі жақсы дамыған. Экологиялық талаптардың сақталуын бақылау Экологиялық кодекске сәйкес экология департаментімен жүзеге асырылады.
2025 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша облыс аумағында барлығы 484 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. Оның ішінде 108 келісімшарт – кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге, 306 келісімшарт – қатты пайдалы қазбаларға тиесілі. Сонымен қатар, 64 кәсіпорын I санатқа жатады, олардың 23-і қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді.
Жер қойнауын пайдаланушылардың есепті деректері бойынша жыл сайын атмосфераға шамамен 4 мың тонна ластаушы заттар, су айдындарына 12 мың тоннаға дейін ластаушы заттар шығарылады, ал өндіріс және тұтыну қалдықтарының көлемі 22,3 млн тоннаға жетеді.
Экология департаменті экологиялық заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүйелі бақылау жұмыстарын жүргізуде. 2025 жылдың 10 айында 8 жоспардан тыс тексеріс өткізілді. Олар ірі кәсіпорындар мен старательдік лицензия иелеріне қатысты жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде геологиялық барлау және өндіру жұмыстарын экологиялық рұқсатсыз жүргізу, топырақ пен су айдындарын ластау, экологиялық сараптама талаптарын және қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін бұзу сияқты көптеген фактілер анықталды.
Тексеріс қорытындысы бойынша әкімшілік жауапкершілікке «East Copper» ЖШС, «Altai GeoTechnology» ЖШС, «PROFIT S» ЖШС, «КАСКАД-Н» ЖШС және бірқатар жеке кәсіпкерлер мен старательдік қызметті рұқсатсыз жүргізген жеке тұлғалар тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 9,7 млн теңгені құрады, оның 9,4 млн теңгесі өндірілді.
Қазіргі уақытта «ВСАМ Продакшн» ЖШС, «Маралиха» ЖШС, «Маралиха Голд» ЖШС қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде. Сондай-ақ, «ГРК МЛД» және «КОГОДАЙ» кәсіпорындарына профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланған.
Асет Сүлейменов атап өткендей, экология департаменті қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайту және экологиялық стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар қызметіне бақылауды күшейтуді жалғастырады.

