Ахмер кенті Өскемен қаласының іргесінде орын тепкен. Сондағы жұртшылық кенттен қала ішіне қатынайтын автобустың тым аздығын айтып, шағымданды.
Бүгінгі таңда Ахмер кентінде 7 мыңға жуық адам тұрады. Олардың арасында қалаға барып жұмыс істейтіндер, білім алатын студенттер мен оқушылар аз емес. Күнде таңертең кент ішіндегі аялдамаларда автобус күтіп тұрған халық қарасы қалың.
— Өзім қалаға бару үшін №55 автобусқа отырамын. Өте сирек жүреді. Жарты сағаттап, кейде тіпті сағаттап күтеміз. Ал келген автобустың ішінде адам деген аузы-мұрнынан шығып жатады. Ине шаншар орын жоқ. Тер иісі киімге де сіңіп кетеді, — дейді ахмерліктердің бірі.
Халық №55 қана емес, №42 автобустың да дұрыс жүрмейтіндігін жеткізді.
Қалалық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Ахмер халқының ішінде оқушылар саны 30%-ға жуық. Ал олардың барлығы осы кентте оқымайды. Қалаға баратындар мектепке үлгеру үшін таңсәріден тұруға мәжбүр.
Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарлауынша, Ахмер кентіне келесі автобус маршруттары қатынайды:
— №42, соңғы аялдамалары – «Өскемен вокзалы-Жаңа Ахмер» (Барлығы 9 автобус бар);
— №55, «Ивушка» сауда үйі-Жаңа Ахмер» (7 автобус);
— №255, «19-шағын аудан-Жаңа Ахмер» (3 шағын автобус);
— № 256, «Өзен вокзалы-28-шағын аудан» (2 шағын автобус);
— №71, «Өзен вокзалы-Герасимовка ауылы» (2 автобус).
— Осы бағыттағы ең жоғары уақыттағы желілік қозғалыс аралығы 5-10 минутты құрайды. Аталған бағыттарға тасымалдаушылар автобустарды толық көлемде шығарады. Алайда қоғамдық көліктердің сынуы немесе жүргізушілердің ауырып қалуы сынды бірқатар себептерге байланысты осындай мәселе байқалып отыр. Бұл негізінен №55 автобусқа қатысты. Тасымалдаушыларға желілік қозғалыс аралығын тиісті деңгейде сақтау және барлық жоспарланған рейстердің орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы нұсқаулар берілді, — дейді бөлім басшысының орынбасары Марат Тұңғышбаев.
Оның айтуынша, нақты уақыт режимінде қалалық маршруттардың барлық автобустарының қозғалысын «ONAY!» бағдарламасынан көріп отыруға болады.
— Жаз мезгілінде жолаушылар ағынының күрт төмендеуі байқалған. Сондықтан, оқу жылының басталуына орай осы автобус маршруттарындағы жолаушылар ағыны қосымша зерделенеді. Қажет болған жағдайда кестелер саны ұлғайтылады. Әкімдік тарапынан қоғамдық көліктің жұмысына байланысты мәселе назарда. Әр автобус бойынша шешім тасымалдаушылармен бірлесіп жеке тәртіппен қабылданады, — дейді Марат Тұңғышбаев.