25 сәуірден бастап қаладағы рельстерді жөндеу жұмыстарына байланысты трамвай қозғалысы тоқтатылады. Бұл туралы «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС-дан хабарлады.
— Үлбі көпірінен шығатын жолдардағы трамвай рельстерін ауыстыру жұмыстарына байланысты 25 сәуір сағат 19:00-ден 27 сәуірге дейін трамвайлар жүрмейді. Тұрғындардан түсіністік танытуларын сұраймыз, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бүгінде Өскеменде 23 трамвай бар. Үш бағыт бойынша қатынайтын трамвайлар күн сайын 9 мыңға жуық адамды тасымалдайды.