Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева Зайсан қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепке барды. Олар білім ордасындағы заманауи оқу кабинеттерінің жабдықталуымен танысып, оқушыларға жасалған жағдайды көрді.
1967 жылы пайдалануға берілген мектеп бүгінде 589 оқушыға арналған. Білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды жаңашылдықтардың бірі — оқу кабинеттерінің заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі.
2023 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен мектептің 36 кабинеті толық жабдықталды. Соның нәтижесінде оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, пәндерді тереңірек меңгеруіне мүмкіндік артты.
Жалпы, 2023-2025 жылдары қор Шығыс Қазақстан облысындағы 9 мектепті толық жабдықтауға 2 млрд 250 млн теңге бағыттады. Бұл — мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қосылған елеулі үлес.
Жұмыс мұнымен шектелмейді. Биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өңір мектептерін қолдауға тағы 2 млрд 416,2 млн теңге бөлді. Осы қаражат есебінен облыс мектептеріне физика, химия және биология пәндеріне арналған 151 заманауи кабинет беріледі.
Жаңа кабинеттерді орнатуға дайындық жұмыстары да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 226 млн теңге бөлініп, кабинеттер орналасатын бөлмелер талапқа сай жөндеуден өтті. Сонымен қатар мұғалімдерді оқытуға және іссапар шығындарын өтеуге 236 млн теңге қарастырылған.
Бұл жобаның басты құндылығы — мектептерді тек жаңа жабдықтармен қамтамасыз ету ғана емес, сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алатын педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру. Өйткені заманауи зертханалар мен интерактивті құралдар сапалы білім берудің маңызды тетігіне айналып келеді.
«Зайсандағы Әуезов мектебінің тәжірибесі осындай жаңғыртудың нақты нәтижесін көрсетеді. Бүгінгі оқушыға тек оқулықтағы білім жеткіліксіз. Ол тәжірибе жасап, зерттеп, өздігінен ізденіп, алған білімін өмірде қолдана білуі керек. Ал заманауи кабинеттер — осы дағдыларды қалыптастыруға жол ашатын орта. Білім саласына құйылған қаражат — балалардың болашағына салынған инвестиция. Басты мақсатымыз — өңірдегі әр оқушының сапалы білім алып, заманауи мүмкіндіктерді пайдалануына тең жағдай жасау», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

