Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Өскемен жылу электр орталығы (ЖЭО) мен Өскемен су электр станциясында (СЭС) болды.
Қазір ЖЭО-ны кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде орталықтың электр қуаты қосымша 100 МВт-қа, ал жылу қуаты 130 Гкал/сағатқа артады. Ал СЭС-те төртінші гидроагрегат жаңғыртылуда – жұмыс аяқталған соң станцияның белгіленген қуаты 380 МВт-қа жетуге тиіс.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бірінші вице-премьерге өңірдің жылыту маусымына дайындығы, атқарылған жұмыстар мен тұрғындарды сумен және жылумен үздіксіз қамту шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ өңір басшысы Президент Жолдауын іске асыру барысына тоқталды. Нұрлыбек Нәлібаев бұл нысандардың облыс үшін маңызы зор екенін айтып, оларды жаңғырту, цифрландыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы орындау қажеттігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи циклдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізуді тапсырған болатын. Ол үшін жаңа электр станциялары мен электр желілерін салып, жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту қажет.
Өскемен ЖЭО «Қазақстан коммуналдық жүйелері» (ҚКЖ) компаниялар тобына кіреді. Бірінші вице-премьерге станцияны кеңейту жобасы, техникалық шешімдер мен оны іске асырудың алдағы кезеңдері таныстырылды. Одан кейін Нұрлыбек Нәлібаев пен Нұрымбет Сақтағанов № 13 турбоагрегаттың құрылыс алаңындағы жұмыс барысын, жетінші кезектің басқару қалқанын және № 16 қазандық агрегаты салынып жатқан алаңды көрді.
Жобаны 2029 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Қосымша қуат қаланың электр және жылу энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысын өтеп, қажетті резерв қалыптастыруға және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл облыс орталығының тұрғындары үшін де, өнеркәсіп кәсіпорындары үшін де маңызды: қала одан әрі дамуы үшін тұрақты энергетикалық база керек.
Өскемен СЭС-індегі қазіргі басты жоба – № 4 гидроагрегатты күрделі жөндеу. Жоба 2024–2027 жылдарға есептелген, құны – 15 млрд теңге (ҚҚС-сыз). Қазір СЭС-тің белгіленген қуаты – 367,8 МВт, ал қолда бар қуаты – 335 МВт. Жөндеуден кейін төртінші гидроагрегаттың қуаты 82,8-ден 95 МВт-қа дейін, ал бүкіл станцияның белгіленген қуаты 367,8-ден 380 МВт-қа дейін артуға тиіс. Электр энергиясын жылдық өндіру көлемі шамамен 17 млн кВт·сағатқа өседі деп күтілуде.
Сонымен қатар бір киловатт-сағатқа жұмсалатын судың меншікті шығынын 11,24-тен 10,4 м³-ге дейін азайту көзделген. Жоба аясында жұмыс дөңгелегі, бағыттаушы аппараттың қалақшалары мен гидрогенератор ауыстырылып, гидротурбиналық және гидромеханикалық жабдықтар, сондай-ақ қосалқы жүйелер жөнделеді.
Станциядағы инвестициялық іс-шаралар 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2009–2026 жылдар аралығындағы салымдардың жалпы көлемі (2026 жылдың соңына дейінгі болжамды қоса алғанда) ҚҚС-сыз 43 462,8 млн теңгені құрайды. Оның 30 032,6 млн теңгесі гидроагрегаттарды жаңғырту мен күрделі жөндеуге бағытталған.
Жаңғыртудың алдыңғы кезеңдері № 1–3 гидроагрегаттардың әрқайсысының қуатын 82,8-ден 95 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде станцияның белгіленген қуаты 331,2-ден 367,8 МВт-қа дейін өсті.
СЭС мәліметінше, негізгі жабдықтардың тозу деңгейі өткен жылдардағы ең жоғары 60%-дан астам көрсеткіштен 2026 жылы 37,9%-ға дейін төмендеген. 2027 жылы төртінші гидроагрегатты жаңғырту аяқталған соң, бұл көрсеткіш 28,8%-ға дейін түседі деп болжанып отыр.
Бақылау жүйелері де жаңартылып жатыр. Инвестициялық бағдарлама аясында СЭС-те стационарлық мониторинг, блокты автоматты басқару жүйесі, жылуды бақылаудың бағдарламалық-техникалық кешені және су шығынын автоматты бақылау жүйесі енгізілді.
Президент өз Жолдауында: «Цифрландыру ісі нақты пайдасы бар-жоғына қарамастан, қымбат бағдарламалық өнімдерді сатып алумен ғана шектелмеуге тиіс», – деп арнайы атап өткен еді. Энергетика нысандарында мұндай нақты пайда жабдықтардың жай-күйі мен жұмысын дәл бақылаудан көрінеді.
Өскемен СЭС-і – Ертіс СЭС каскадының екінші сатысы және ол Бұқтырма СЭС-інің контрреттегіші қызметін атқарады. Қала үшін оның гидротехникалық құрылыстарының қауіпсіздігі аса маңызды. Станцияның жалпы су өткізу қабілеті секундына 4 264 м³ болса, Өскеменді су басу қаупін тудырмайтын қауіпсіз су шығыны – секундына 2 100 м³.
СЭС-те жыл сайын көктемгі және күзгі комиссиялық тексерулер өткізіліп, станцияның тасқын суды өткізуге дайындығы пысықталады, құрылыстар мен жабдықтар зерттеледі. Станция 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуге әзірлік паспортын 2026 жылғы 24 қыркүйекте алды.

