«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Өскемен қаласында бейнебақылау камераларымен қоғамдық орындарды ластау және тыйым салынған жерлерде темекі шегу деректері тіркелді. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінен хабарлап отыр.
— Әуежайдың вокзал маңындағы алаңында екі ер адам темекі тұқылын жерге тастаған. Әміре Қашаубаев көшесінде «Мерген» бейнебақылау жүйесі тағы бір осындай жағдайды тіркеді. Осы үш дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды, — делінген ақпаратта.
Әуежайдың ұшып келген жолаушылар залының B терминалында тағы бір құқық бұзушылық анықталды. Әйел адам темекі шегуге тыйым салынған жерде электронды темекі пайдаланған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауға, көшелерді ластамауға және темекі шегуге қатысты белгіленген шектеулерді бұзбауға шақырды.

