Доданың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтетін турнирге өңірдің әр түкпіріндегі елді мекендерден 470 жас спортшы қатысуда. Олар спорттың жеті түрінен өзара бақ сынайды. 2024 жылдан бері қолға алынып келе жатқан жобаны Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қоры қаржыландырып отыр.
«Баршаңызды балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін «AUYL SPORT-2026» облыстық турнирінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі жарыс – тек спорттық бәсеке ғана емес. Ол ауыл балаларының өз қабілетін көрсетуге, тәжірибе жинақтауға және үлкен спортқа алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Спортпен айналысқан бала тәртіпке, жауапкершілікке, еңбекке және өз мақсатына жетуге үйренеді», — деді аймақ басшысы.
Жарыс бағдарламасына шағын футбол, қыздар мен ұлдар арасындағы волейбол және баскетбол, еркін күрес, шахмат, бокс және үстел теннисі енгізілген. Атап айтқанда, шағын футболдан — 108, қыздар арасындағы волейболдан — 120, ұлдар арасындағы волейболдан — 72 спортшы қатысуда. Баскетболдан қыздар арасында 20, ұлдар арасында 40 қатысушы бақ сынайды.
«AUYL SPORT» секілді жарыстар ауылдардағы балалардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың қабілетін шыңдауға, тәжірибе жинақтап, өз өңірінің намысын қорғауына мүмкіндік береді.
Төрт күнге жоспарланған турнир қорытындысы бойынша спорттың әр түрінен үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.

