Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қалжыр ауылында Марқакөл ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты.
– 2,5 мыңға жуық адам тұратын Марқакөл ауылында сумен жабдықтау жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Жүйені қайта жаңарту жобасы 2025 жылы қолға алынды. Осы жылдың 28 шілдесінде жүйе іске қосылып, ауыл тұрғындары жаңа су көзінен сапалы ауызсуға қол жеткізді. Қазір жобаны іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Оның айтуынша, Марқакөл ауданындағы барлық 43 автономды қазандық пен бюджеттік ұйымдар 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына толық дайын. Аудан орталығында жылу желілерін қайта жаңарту және қуаты 12,5 МВт болатын жаңа қазандық салу жобалары әзірленді. Оларды қаржыландыру мәселесі қазір Энергетика министрлігімен бірлесіп пысықталып жатыр.
– Ауданда «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалпы 24 пәтерден тұратын 12 бір қабатты үй салу жоспарланған. Жалпы облыс бойынша жыл қорытындысында 408 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Марқакөл ауданындағы 23 елді мекеннің 19-ында интернет бар, халықты қамту деңгейі 90,9%-ды құрайды. Қалған ауылдарды «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін интернетке қосу жоспарланған. Ол үшін мемлекеттік мекемелерге дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады, – деді өңір басшысы.
Ауданда мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 98,7%-ды құрайды. Кезекте 2 жастан 6 жасқа дейінгі 22 бала тұр. Биыл офтейк-келісімшарт аясында Қайнарлы ауылында 50 орындық мектеп салынды, ал Төсқайың ауылында 100 орындық мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар 2 нысанда ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Нұрымбет Сақтағанов Марқакөл ауданының әкіміне білім басқармасымен бірлесіп мектепке дейінгі ұйымдарда 2 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға қосымша орындар ашу үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
– Ауданда 22 мәдениет нысаны мен 59 спорт нысаны жұмыс істейді. Марқакөл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау үшін шаралар қабылданып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары әлеуметтік міндеттемелер аясында жалғасуда, – деді облыс әкімі.

